Қоғам

"7-20-25" автокредиті берілмейтін болды – Ұлттық банк

© Sputnik / Антон Подгайко / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бұл бастаманы ҚР Ұлттық банктің бұрынғы басшысы Данияр Ақышев ұсынған болатын. Банктің қазіргі басшылығы оны іске асырмауға шешім қабылдады

НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков "7-20-25" ипотекасы үлгісінде автокредит бағдарламасын іске асырмаудың себебін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, бас кезінде "Баспана" компаниясы "7-20-25" үлгісінде ипотекамен қалай жұмыс істесе, тура солай автокредитті де реттейді деген жоспар болған. Алайда банк басшылығы жаңа бастаманың орнына қазіргі 4 проценттік автокредит бағдарламасын күшейткен дұрыс деген шешімге келді. 

Ұлттық банк  "7-20-25" секілді автокредит бағдарламасын әзірлеуді ұсынды   

"Енді, "Баспана" осы мәселеге араласпайды. Бүгінде 4 проценттік автокредит бағдарламасы бар. Онымен Қазақстанның даму банкі және тағы бірнеше банк айналысады. Біз осы бағдарламаны қаржыландырау көлемін арттыратын боламыз ", - деді Смоляков Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Ұлттық банктің жоспарына сәйкес, қосымша қаржы Қазақстанның даму банкінің облигацияларын сатып алу арқылы тартылады. Бүгінде ондай механизм бар.     

"Сөйтіп, қосымша қаржыны 4 проценттік автокредит бағдарламасына жіберуге болады. Негізі, басқарма шешімінің жобасы қабылданды. Былайша айтқанда, біз дайынбыз. Басында "7-20-25" үлгісінде жаңа бір механизмді енгізуді ойладық. Бірақ 4 проценттік автокредит тұрғанда жаңа механизмнің қажеті қанша? Сол себепті біз қазіргі бағдарламаны күшейткен дұрыс деп шештік", - дейді Смоляков.

Айта кетейік, ағымдағы жылы 30 қаңтарда болған үкімет отырысында ұлттық банктің сол кездегі басшысы Данияр Ақышев "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы үлгісінде автокредит беруге болатынын мәлімдеген. Банк аталған бастаманы қысқа уақыттың ішінде іске асыруға даяр болған. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев та аталған бастаманы қолдады.

25 ақпанда Данияр Ақышев ұлттық банк төрағасы қызметінен босатылды. Оның орнына Ерболат Досаев келді. Ал 9 сәуірде Д.Ақышев Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі болып тағайындалды.

Жаңалықтар
0