Қоғам

Алматыда айлық орнына азық-түлік алған жұмысшылар шу шығарды

© Sputnik / Серикжан КовланбаевАзық-түлік көтерген әйел, архив суреті
Азық-түлік көтерген әйел, архив суреті - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жұмысшылардың да, жұмыс берушілердің де айтар өз шындығы бар

АСТАНА, 27 қазан— Sputnik. Алматыдағы "Hi Tech logistics" компаниясының қызметкерлері жалақыларының жырымдалып қана қоймай, соңғы кезде азық-түлікпен берілетінін айтып наразылық білдіруде. Тіпті, соңғы үлестірген өнімнің жарамдылық мерзімі әлдеқашан өтіп кетіпті. Компания өкілдері болса, жаланы керісінше жұмыскерлердің өзіне жауып отыр. Айтуларынша, қоймада ұрлық жиілеген. Тіптен, қылмыстық іс те қозғалыпты. Сондықтан, айыптан жалтару үшін жұмысшылар осындай әрекетке баруы мүмкін деген пікірде, деп хабарлайды КТК арнасы. 

Алып қоймалар орналасқан компания аумағына расымен кіру қиын. Іштегі қызметшілердің бей-берекет тысқа шығуына да рұқсат жоқ. Құдды бір стартегиялық нысандағыдай тәртіп күшті. Әйтсе деғ сол тәртіпті бақылайтындардың өздері айлыққа жарымай жүр. Басқа жұмысшыларға да соңғы рет еңбекақыларының бір бөлігінің орнына осында сақталатын азық-түлікті беріпті. Онда да мерзімі өтіп кеткен өнім таратылған.

"Бала-шағамызды улай алмаймыз ғой. Дұрыс емес, әрине. 60 мыңдай аламыз. Оның 16 мыңын алса, бізге не қалады. Бала-шағаның тамағы бар, кредит, жолақы бар. Енді оны қалай түсіндіреді? Түсіндіргенде аласыңдар дейді, болды", — дейді компания қызметкері Серік Қалиев. 

Басшылық бассыздығын айта жөнелген қызметшілердің сөзін компания өкілдері бірден жоққа шығаруға тырысты. Олардың айтқаны шындыққа жанаспайды деп ақталды.

Негізі былтыр қоймада 40 млн теңгенінің тауары қолды болған екен. Ол бойынша, күдіктілер анықталып, полицияға арыз да жазылыпты. Жала жауып, наразылық білдіруі сол айыптан жалтарудың амалы дейді компания басшылары.

"Бізде әлі күнге дейін ашылмаған екі қылмыстық іс бар. Арызды 2016 жылы жазғанбыз. Тергеушілер тарапынан ешқандай қабылданбады. Олардың атына үш рет бас прокуратураға, облыстық прокуратураға арыздандық. Біз заңға сәйкес жалақы төлейміз. Азық-түлікпен береді деген бос әңгіме", — дейді "High Tech Logistics" компаниясының директоры Михаил Шамаков. 

Екі тараптың да айтар өз шындығы бар. Қызметшілер айлықты азықпен беру бассыздығын тоқтатуды қалайды. Ал, компания басшылығы жала мен айып текетірескен бұл істің құзырлы органдар мән-жайын анықтап, нүктесін қоюы тиіс деген пікірде. Сонда біраз шындықтың беті ашылар еді дейді. Бірақ, қоймадағы ірі көлемдегі ұрлыққа қатысты іс бір жылдан асты, белгісіз себептермен әлі күнге орнынан жылжымай тұр. 


Жаңалықтар
0