06:56 27 Қазан 2020
Тікелей эфир
  • USD429.59
  • EUR507.30
  • RUB5.62
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
623 0 0

Сарайшық қалашығын су шайып кетпеу үшін қазір Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр

АСТАНА, 31 наурыз – Sputnik, Айымгүл Әбіл. Жайық өзенінің оң жағасында Атырау қаласынан 55 шақырым жерде орналасқан Сарайшық қалашығын сақтап қалу қазір өте маңызды мәселе. Қалашық мүлдем қараусыз қалмаса да, оның бүгінгі жағдайы көңіл қуантарлық емес. Тарихшылардың осы жағдайға қатысты дабыл қаққанына көп жыл болған еді, ақыры сең орнынан қозғалды. Көне шаһар орналасқан жағалауды бекіту жұмыстары аяқталған соң археологиялық зерттеулер қайта жанданады. Археологиялық қазбалармен қатар ғылыми-реставрациялық және консервациялау жұмыстарын қолға алу жоспарланып отыр. Көне қалашықты сақтап қалу бойынша осы маңызды мәселелер Астанада келесі аптада өтетін "Сарайшық: ұлы қала тарихы" халықаралық ғылыми конференциясында талқыланбақ. 

министр культуры и спорта Арыстанбек Мухамедиулы в городе Сарайшык
© Photo : ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Тарихи ескерткіштің құжатына сәйкес, көне Сарайшық қалашығының аумағы 100 гектарға жетеді, алайда Жайық өзені шайып, оның аумағы жылдан-жылға азайып келеді. Қазіргі таңда қалашықтың басым бөлігі бұзылған.  

"Жыл сайын су бес, он метр жерді шайып отырды. Ал 1996 жылы су тасып, отыз метрге дейін жайылды. Жыл сайын су шайып, қаланың мәдени қабаттары кетіп жатты. Атырау облысына Иманғали Тасмағамбетов әкім болып келгенде, қалашықты сақтап қалу бойынша біршама жұмыс қолға алынды. Бірақ кейін бәрі тоқтап қалды. Енді қазір облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың жетекшілігімен бұл жұмыс алға ілгерілеп жатыр. 1,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Көне қаланың іргесін қымтап, судың шаюын тоқтату керек. Осы жұмыстар қазіргі уақытта жүргізіліп жатыр", — деп әңгімеледі белгілі ғалым-археолог Зейнолла Самашев. 

Ғалымның айтуынша, бұл көне шаһардың біздің тарихымызға тікелей қатысы бар, Сарайшық Қасым ханның кезінде қазақ хандығының астанасы болған. Сондықтан қазақ даласындағы ең көне тарихи ескерткіштерің бірі Сарайшықты сақтап қалу бүгінгі ұрпақтың міндеті һәм парызы. Сақтай алмасақ, бұл тарихқа жасалған үлкен қиянат болмақ. 

"Сарайшық қалашығы он үшінші ғасырдың екінші жартысында салынған деген бір дерек бар. Алтын орданың шығыстағы жерлерін басқару, шығыстағы елдермен сауда, саяси қарым-қатынастарды реттеу үшін тұрғызылған қала болатын. Енді біреулер он төртінші ғасырда салынған деп айтып жүр. Қалай болғанда да Сарайшық Алтын орда дәуірінің Жошы ұлысының үлкен қалаларының бірі болған. Қалада салтанатты сәулетті сарайлар, керуен-сарайлар, моншалар, мешіт-медреселер және басқа да ғаламат ғимараттар салынған.  Кейін ноғай ордасы құрылып, соның астансы болады. Содан соң қазақ хандығы құрылғанда біраз уақыт қазақтың да астанасы болған. Бұрындық хан, әсіресе Қасым ханның тұсында үлкен қалаға айналады. Сондықтан біздің тарихымызға тікелей байланысы бар қала. Біздің мемлекеттілігімізге байланысты деректер беретін ескерткіш. Сол себепті біз оны қазақтың алғашқы астаналарының бірі, біздің тарихымызға тікелей байланысты қала деп есептеп, құрып кетуден сақтауымыз керек. Егер қаланы сақтай алмасақ, тарихымыздың бір парағын жоямыз деген сөз", — дейді Зейнолла Самашев. 

Тарихшының айтуынша, алтынордалық қала Сарайшықтың тарихында ашылмаған дүниелер әлі де көп. 

"Ресей империясы Сарайшықтың тұрған жерінде әскери бекініс салған. Кезінде Махамбет пен Исатайдың көтерілісі кезінде Исатай Тайманов біраз уақыт Сарайшықтың түрмесінде отырған деген деректер де бар. Ал енді он алтыншы ғасырдың сексенінші жылдары Ресейдің теңіз қарақшылары Еділ арқылы Каспийге түсіп, одан қайтадан Жайыққа көтеріліп, Сарайшықты қиратып, бүлдіріп кеткені белгілі. Кейін осы өңір Астрахан генерал-губернаторлығына бағынған кезде генерал-губернатор жауынгерлерді алып келіп, Сарайшықты қазып, заттардың бәрін түк қалдырмай алып кеткен деген дерек бар. Ермактың бір адамдары ноғай мемлекетінің астанасы болып тұрғын кезде шабуыл жасап, қатты қиратып, хандардың зираттарының бәрін бүлдіріп, сүйектерін лақтырып тастаған деген тарихи деректер көп. Қазақ хандығының алғашқы кезеңінде астана болды дедік кой, бір деректер бойынша Қасым ханның денесі осы жерде жерленген. Он алтыншы ғасырда бүлдіріп кеткен Қасым ханның қабірі болуы мүмкін. Содан кейін ноғай мемлекетінің астанасы болып тұрғанда бүкіл билеушілері, мырзалары, бектері осы жерде жерленген", — дейді тарихшы. 

Қираған Сарайшық қалашығының орнында ауқымды археологиялық қазба жұмыстары 1937 жылы жүргізілген. Ал 1950 жылы Қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұлан көне шаһарды зерттеп, құнды деректер қалдырады. 1989 жылы Алтын орда дәуірінде салынған қалашықта қазба жұмыстары қайта жанданып, арасындағы үзілістермен 2009 жылға дейін Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен жүргізіледі. Кейін бұл жұмыстар тоқтап қалады. Археолог-ғалымның айтуынша, енді зерттеуді қайта жалғастыруға мүмкіндік туып отыр. Қазба жұмыстармен қатар ғылыми-реставрациялық және консервациялау қатар жүргізілмек. 

"Орта жолда тоқтап келмей, басталған үлкен істі соңына дейін жеткізу қажет. Қаланы тек бекітіп қана қоймай, археологияық қазба жұмыстары арқылы бүлініп, шашылып, топырақ басып қалған ғимараттардың бәрін ашып, археологтармен бірге реставраторлар бірге жұмыс істеп, консервациялық жұмыстарды қатар бастаса деген ой бар. Соған Мәдениет министрлігі қаражат бөлгелі отыр. Сонымен бірге үлкен халықаралық экспедиция ұйымдастырғалы жатырмыз. Әр түрлі салада жұмыс істейтін мамандарды — тарихшылар, антрополог, генетик ғалымдар, нумизматтарды жұмылдырып, зерттеу жүргіземіз бе деген жоспарымыз бар. Шетелдік мамандармен келісіп жатырмыз. Ақша бөлінгесін, мамыр айының соңына қарай жұмысқа кірісіп кетуге болады, біз дайынбыз", — деп бөлісті алдағы жоспармен ғалым. 

Оның айтуынша, ортағасырлық шаһарды сақтап қалу бойынша маңызды мәселелер Астанада үшінші сәуірде өтетін "Сарайшық: ұлы қала тарихы" халықаралық ғылыми конференциясында талқыланбақ. 40-тан аса отандық және шетел ғалымдары ғылыми зерттеулердің қорытындысын сөз етіп, тарихи орынды халық игілігіне пайдалану, қалашықтың туристік инфрақұрылымын дамыту, оны ашық аспан астындағы музейге айналдыру бойынша өй бөліседі. 

 

 

Загрузка...

Басты тақырып