Қоғам

Елімізде орысша уағыз оқитын имамдар дайындалып жатыр

© SputnikВерующие в мечети
Верующие в мечети - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мешіттерде орыс тілінде арнайы сабақтар жүргізіледі

АСТАНА, 27 ақпан – Sputnik, Айымгүл Әбіл. Жамағаттың сұрауымен кейбір мешіттерде қазір уағыз орысша оқылады не болмаса қазақ тіліндегі уағыздан кейін орысша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, "Нұр Астана" мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, "Нұр-Мүбәрәк" университеті мен бірнеше медреседе орыс топтары ашылып, мамандар дайындалып жатыр. 

Еске сала кетсек, өткен жылы имамдардың уағызын толық түсінбейтін дiндарлар бар болғандықтан, көпұлтты елдi мекендердегi жекелеген мешiттерде қазақша уағыздан кейін қосымша орыс тілінде түсiнiктеме беру ұсынылған еді. Өйткені қазақша уағызды түсiнбеген азаматтар ислам туралы ақпаратты ресми емес дереккөздерден, оның ішінде теріс діни ағым ұстанушыларынан алуға мәжбүр. 

Наурызбай қажы Тағанұлы - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Наурызбай қажы Тағанұлы: парақордың арам жолмен тапқан дүниесінің өтеуі ауыр болады

"Халықтан түрлі сұраныс бар. Елімізде 70 пайыздан көп мұсылмандар тұрады. Оның ішінде, әрине, қазақ тілділер көп. Бірақ мұсылман дінін ұстанатын орыс тілді жамағат та бар. Солардың өтініші бойынша елімізде орыс тілді жамағат көп шоғырланған жерде орыс тілінде де уағыз жүргізіліп жатыр. Бұл сұранысқа байланысты, мысалы жұма уағызы толықтай орыс тілінде жүргізілмейді. Өйткені қазақ тілді жамағат оған ренжиді. Ал біз орысшаны қосып, бүгінгі уағызды түсіндіріп кетеміз. Бір мешітте "Қазақша түсінбейміз, орысша түсіндіріп берсеңіздер" деп жамағат сұраса, біз сол жамағаттың сұранысын қанағаттандырамыз. Негізі, мешітке келетін жамағат қазақ тілді ғой", — дейді Наурызбай қажы. 

Бұдан бөлек, мешіттерде орыс тілінде арнайы сабақтар да жүргізіледі. Бұл ретте уағызды түсіндіретін және сабақтарды орысша жүргізетін мамандар керек қой. Сондықтан "Нұр-Мүбәрәк" университеті мен бірнеше медреседе орыс топтары ашылып, арнайы мамандар даярланып жатыр. 

"Біздің тоғыз медресеміз бар. Бірнеше медреседе қазір орыс тілді топ арнайы құрылып, имамдар оқып жатыр. «Нұр-Мүбәрәк» университетінде де орыс тілінде топтар ашылды. Осылайша, біз орыс тілді мамандарды дайындаумен де айналысып жатырмыз. Биыл орыс тобындағы имамдар үшінші курсты бітіреді. Осындай ереже қабылданып, жұмыс жүргізіліп жатыр. Орыс тілді мамандарды жыл сайын даярлап, шығарып отырамыз",- дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі. 

Оның айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұмысының тоқсан бес пайызын қазақ тілінде жүргізеді. Тек қажеттілік болған соң ғана орыс тілін жетік меңгерген мамандарды дайындау қолға алынды. 

"Сұраныс болып жатқан соң арнайы мамандар даярлаудамыз. Газет-журналдарымыздың бірнеше беті орыс тілінде шығады. Түсіндіру жұмыстарын осылай жүргізіп жатырмыз", — деп түйіндеді сөзін Наурызбай қажы. 


Жаңалықтар
0