Танымал қазақстандық әнші 2 жыл бойы елдің бетіне неге қарай алмағанын айтты

© Photo : СС0 / Daniel FrieseneckerМикрофон
Микрофон - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Белгілі әнші екі жыл бойы елдің бетіне неге қарай алмағанын еске алды

НҰР-СҰЛТАН, 12 қыркүйек – Sputnik. "Жігіттер" квартетінің әншісі Бағлан Әбдірайымов құмар ойынға тәуелді болып, үйінен де, көлігінен де айырылғанын айтып берді. Ол екі жылдай елдің бетіне қарай алмаған.

Құмар ойынға деген қызығушылық қалай басталды

"Азарт әр адамның бойында бар нәрсе. Менде мақсат болмағаннан кейін осындайға жолықтым деп ойлаймын. Алматыға келерде Орынбасар деген ағайымыз бізге 21 мың теңге берген. Оған жігіттермен ақ туфли алуымыз керек болатын. Бірақ ол ақшаны Еркін екеуіміз дүкеннің ішіндегі автоматта ойнап, ұтылып қалдық. Ең азы осы 21 мың теңге ұтылған болатын", - деді "Астарлы ақиқат" бағдарламасында құмар ойынға деген қызығушылықтың қалай басталғанын еске алды. 

Ал ең көбі әнші 200 мың доллар ұтылыпты. Бұл теңгемен шамамен 72 миллионға жуық. 

"Өзім ең көбі 45 мың доллар жинағанмын. Қалғанының бәрін қарызға алдым. Аласың - ойнасың, аласың - ойнайсың, соның бәрі бір-екі айдың ішінде болған нәрсе. Менің ұтылған себебім бір ойнағанда 100 мың доллар ұтамын деп ойладым. 100 мыңға жете алмай содан құрыдық қой", - дейді Әбдірайымов. 

Әнші бастапқыда казинодан көлік те, ақша да ұтқан. Сол кезде ойынға деген құмарлығы арта түсіпті.

"Екі казино мені кіргізбей қойды. Сондықтан өзімді мықты ойыншы екенмін деп ойлай бастадым. Мен олардың емес, өзімнің ойнымды ойнап жүрмін деп ойладым. Үшінші казиноға барған кезде бәрі бітті", - дейді ол өкінішпен. 

Оның айтуынша, құмар ойынға әуес адамдардың миы уланып, тек ойынды ғана ойлап тұратынын айтады.

"Аманат етіліп берілген өмірді біз өзіміз құртып аламыз. Бұл жерде ешкім көмектеспейді. Мықты болсаң өзің жеңуің керек. Құлағыңа сыбырлап, ой салып тұрады. Айнаға қарап, өзіңмен-өзің сөйлесіп, талай депрессияда жатқан кезім болды ғой",  - дейді танымал әнші.

Тағы оқыңыз: "Кешірім сұраймын": Маржан Арапбаева отбасындағы жағдайды ашық айтты

Әнші квартеттегі өз орнын жоғалтып алу қаупі туындағанда ғана ойлана бастаған екен. 

"Мен мұны байқадым. Ақша бәрімізге тең бөлінетін. Табыс көзіміз бір болған соң бір-біріміздің жалақымызды білеміз ғой. Бағлан бірінен соң бірін көлік ауыстыра бастады. Әкесінің 60 жас тойында көкпар берді. Сол кезде мен ақша қайдан келді екен деп ойладым. Сондай бір нәрсеге ілініп жүргенін білдім", - деді топтың продюсері Ерғали Әбдірайымов.

Тығырықтан шығудың жолы қайсы

Әнші тығырықтан шығу үшін маман көмегіне жүгінбепті. Өзіне спорт пен саяхат көмектескенін айтады. 

"Ойыңды өзгерт, ойың өзгерсе, сөзің өзгереді дейді. Сөз іске айналады, іс тағдырға айналады. Маған, ең біріншіден, спортпен шұғылдану көмектесті. Екіншіден, саяхат көмектесті. Жігіттердің 15 жылдығында 15 күндей Моңғолия, Түркия, Өзбекстанда концерт қойдық. Сол кез мен үшін өте пайдалы болды", - деді Әбдірайымов. 

Әнші өзінің басынан өткенді баяндап, "Ақ пен қара" деген кітабын шығарған. Оның айтуынша, биікке жету үшін кедергіден өту - өмір заңдылығы.

Жаңалықтар
0