НҰР-СҰЛТАН, 29 қараша – Sputnik. Павлодар қаласы №2 қылмыстық соты тұрғындардың пәтеріне қарақшылық шабуыл жасаған үш павлодарлыққа үкім шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Полицейміз деп таныстырған
Қаланың жас үш тұрғыны алдын ала сөз байласып, бірнеше мәрте қарақшылық шабуыл жасағаны үшін сотталды. Қылмыскерлер өздерін полицейміз деп таныстырып, пәтерге заңсыз кіріп, ақша ұрлап келген.
Сот анықтағандай, әлдекім айыпталушыларға Павлодар тұрғыны есірткі сатумен айналысатынын хабарлаған. Содан екі сотталушы үшінші сыбайласын ертіп, осы жылдың 15 сәуірінде медициналық бетперде тағып, есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкеріміз деп, әлгінің үйіне баса-көктеп кірген. Тінту жүргіземіз деген желеумен, үй иесін ұрып-соғып, оның депозиттегі шотынан 851 500 теңге ұрлаған.
Алайда, жәбірленушінің есірткіге ешқандай қатысы жоқ екені анықталды. Ол криптовалютамен айналысады екен. Бірақ бұл қарақшыларға тосқауыл болмады.
Екінші шабуыл
Үш сотталушы жәбірленушіден криптовалютамен айналысатын екі танысының мекенжайын алып, оған "қонаққа барады". Медициналық маска киіп, өздерін полицей ретінде таныстырып, тінту жүргіземіз деген сылтаумен, олардың қолын байлап, соққыға жығып, "орманға апарып тастаймыз" деп қорқытып, біреуінің 1 140 000 теңгесін, екіншінің 1 295 000 теңгесін жымқырған.
Бұған қоса, сотталушылардың бірі жәбірленушілердің бірінің жеке куәлігін өзімен бірге алып кеткен.
Дәл осы сотталушы екі танысы шынымен де психотропты заттарды сатумен айналысатынын біле тұра, аса ауыр қылмыс жайлы құқық қорғау органдарына хабар бермеген.
Оқи отырыңыз: ҰҚК аса қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады - видео
Үшеуінің кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің жауаптарымен, сот сараптамасы қорытындысымен дәлелденді. Сотталғандардың бірі кінәсін жартылай мойындады, сыбайластары өздерін кінәлі санаған жоқ, соттан ақтауды өтінді.
Прокурор олардың екеуін 9 жылға бас бостандығынан айыруды, үшіншісіне сегіз жыл беруді сұрады. Ал жәбірленушілер болса, барлығына қатаң жаза сұрады.
Үкім
Судья Лашын Әлиев үкім шығарарда жазаны жеңілдететін жағдайларды – сотталушылардың бірінің кішкентай баласы барын, кінәсін жартылай мойындағанын және өз ісіне өкінетінін, мүліктік шығынды өз еркімен өтегенін және жасын ескерді. Сондай-ақ бұған дейін үшеуі де сотты болмағаны ескерілді.
Билік өкілі атағын өз бетінше бірнеше рет иемдену, алдын ала келісіп, қарақшылық шабуыл жасау жазаны қатаңдатуға себеп болды.
Сот үкімімен бір сотталушы 7 жыл 10 айға бас бостандығынан айырылды, қалған екеуі 7 жыл 2 ай және 7 жылға сотталды. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда өтейді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.