НҰР-СҰЛТАН, 26 қараша – Sputnik. Түркістан облысында енесінің телефонын ұрлаған күйеу бала ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.
Түлкібас ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, үйінде үстел үстінде тұрған ұялы телефонын белгісіз біреудің ұрлап кеткенін айтқан. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі – 80 мың теңге.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеді. Ұрлық қылмысын ізін суытпай ашу мақсатында арнайы топ құрылып, жедел іздестіру шаралары жүргізілді.
Тәртіп сақшылары үйдің маңындағы бейнебақылау жазбаларын тексерді, күдікті анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Күдікті ер адам жәбірленушінің куйеу баласы болып шықты.
Қазіргі таңда күдіктіге, яғни орта жастағы азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.