НҰР-СҰЛТАН, 24 қараша – Sputnik. Қарағанды облысының әкімі келісім комиссиясының шешімін жариялады, деп хабарлады өңір басшысының баспасөз қызметі.
Жеңіс Қасымбек Абай кенішіндегі қайғылы оқиғадан кейін кеншілер көтерген мәселелер шешімін табатынын айтты. Оның айтуынша кеншілер 12 талап қойған. Олардың барлығы әділ.
"Келісім комиссиясының шешімімен компания жыл сайын 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейінің 100% көлемінде жалақыны индекстеуді жүзеге асыру туралы міндеттеме алды. Сонымен қатар өндірістік-экономикалық көрсеткіштер жоспарының орындалуына қарамастан биыл желтоқсан айында 13-ші еңбекақы төлеу, желтоқсанда жалақыны 15–17 пайызға көтеру міндеті жүктелді", - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Әкімнің айтуынша, келісім комиссиясы компания басшылығына кадр тапшылығын жою, ол үшін желтоқсан айының соңына дейін нормативті сандық және штаттық кестені әзірлеп, ай сайын олар толық қамтылғанға дейін кемінде 100 адамды жұмыспен қамту міндеттемесін де жүктеп отыр.
"Сонымен қатар жұмыс автобустарын жаңарту, 2018 жылдың 1 қаңтарынан кейін жұмысқа орналасқан қызметкерлердің демалыс күндерінің санын көбейту міндеті жүктелді. Компания ұзақ уақыт ауырған адамдардың еңбекке жарамсыздық парағындағы төлемдерді 50 АЕК-ке дейін арттыруға тиіс. Шахталарда техникалық аудит жүргізу және ескірген жабдықты пайдаланудан шығару, тау-кен-геологиялық жағдайларға байланысты жоспарлау тапсырмаларын түзету талабы да қойылды", - деді әкім.
Ал еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне қатысты жұмыс тобы құрылды. Мамандар 1996 жылдан бері болған апаттардың барлығын тексереді.
"Заңнамадағы өзгерістер үш мәселені, соның ішінде зейнет жасын төмендетуді талап етеді. Олар бойынша үкіметке хаттар жолданып, жұмыстар жүргізілуде. Келісім комиссиясының жұмысы аяқталған жоқ. Қабылданған шешімдердің орындалуын өзім қадағалайтын боламын. Ол үшін ай сайын кездесіп, екі жақты тыңдаймыз", – деп сендірді Жеңіс Қасымбек.
Сондай-ақ облыс әкімі кеншілер қалалары – Абай, Шахтинск және Саранды дамыту жоспарларына да тоқталды. Бұл қалаларда тұрғын үй құрылысын, жолдар мен әлеуметтік нысандарды жөндеу, көшелерді абаттандыру жалғасады.
Абай шахтасындағы апат
11 қарашада Қарағанды облысы Абай қаласында алты кенші метан газы тараған кезде қаза тапты. Тағы екі адам зардап шеккен.
Бұл Абай шахтасында болған алғашқы төтенше жағдай емес. 2008 жылдың 11 қаңтарында жарылыс кезінде 30 кенші көз жұмған еді. Тергеу барысында өнеркәсіп қауіпсіздігін бақылауға жауап беретін екі шенеунік қызметінен кетті.