НҰР-СҰЛТАН, 17 қараша – Sputnik. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Sputnik Қазақстан тілшісіне өзінің бастығы Өмірзақ Шөкеевтің қанша жалақы алатынын айтты.
Еске сала кетейік, Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысының әкімі болып 2019 жылдың 26 ақпанында тағайындалды. Бұған дейін ол Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігін басқарған.
"Өмірзақ Естайұлының жалақысы 1 миллион 900 мың теңге (4400 доллар)", - деп жауап берді Қалқаманов өңір басшысының жалақысы туралы сұраққа.
Экономика ғылымдарының докторы Шөкеевтің жұмыс тәжірибесі мол. Әр жылдары экономика, ауыл шаруашылығы министрі, премьер-министрдің орынбасары болды, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен елорданы басқарды.
Шөкеев сонымен қатар Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының орынбасары және "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметтерін атқарды.
"Стратегия" әлеуметтік-саяси зерттеулер орталығының биылғы рейтингінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ең тиімді әкім ретінде бірінші орынды иеленді. Сауалнамаға әртүрлі қызмет салаларынан және Қазақстанның өңірлерінен 30 сарапшы қатысты.
Өмірзақ Шөкеев ақпараттық, соның ішінде әлеуметтік желідегі ашықтық критерийін қоспағанда, барлық өлшем (әкімнің жұмысына халықтың қанағаттануы, облыстағы экономикалық және ішкі саяси жағдайды басқару, әкімнің саясаткер ретіндегі келешегі) бойынша жетекші орындарды иеленді.