НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. Ақтау тұрғыны алты баласын асырау үшін он қабатты үйдің шатырында тауық қора ашқан, деп хабарлады Лада порталы.
"Бұл жерде күл-қоқыс жатқан. Мен бәрін тазалап, еден құйып шықтым. Қабырғаларын жылу ұстайтын материалдармен қаптап қойдым", - дейді Руслан.
Әуелі үйдің тұрғындары оған көмектесіп жүрген. Тауықтарға жем де әкеліп беріпті. Бірақ полицияға арызданған адамдар да табылды. Оларды әтештің дауысы ғана емес, шатырдан келген сасық иіс мазалаған көрінеді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда ет бағасы қаншалықты қымбаттады
10 қараша күні Русланның үйіне полиция келді. Тәртіп сақшылары Әкімшілік кодекстің екі бірдей бабы бойынша хаттама толтырды. 408-бап (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу) және 505-бап (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру). Көпбалалы әкеге 65 мың теңгенің айыппұлы салынды.
Руслан тауық пен қояндардың қорапқа салып, үйіне алып кетті. Енді бәрін шаруашылығы бар адамдарға таратып беремін дейді.