АЛМАТЫ, 1 қараша – Sputnik. Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебі төңірегінде тағы шу шықты.
Қазақстандық білім беру мекемесінде бірнеше жыл бұрын Ұлыбританияда әйелін ұрып-соққаны үшін сотталған және педагогикалық қызметтен шеттетілген шетелдік мұғалімнің жұмыс істеп жатқаны айтылды. Бұл туралы "Не молчи" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дина Таңсәрі мәлімдеді.
Ол әлеуметтік желідегі парақшасында мұғалімнің бұрынғы әйелінің сөзіне сілтеме жасаған. Сондай-ақ жәбірленуші қылмыстық істің мән-жайын баяндаған жазба жариялады.
Таңсәрінің сөзінше, информатикадан сабақ беретін ауыр дене жарақатын салғаны үшін сотталған шетелдік мұғалім Алматы Назарбаев зиярткерлік мектебіне 2021 жылдың қыркүйегінде ауысқан. Оның алдында 2018 жылдың қазаны мен 2021 жылдың тамызы аралығында Талдықорғандағы Назарбаев мектебінде жұмыс істеген.
Дәлел ретінде Уэльс корольдік қылмыстық прокуратурасының жауабы жарияланды.
"2017 жылдың мамырында ол Кардифф корольдік қылмыстық сотында сотталды және оқытушылық қызметпен айналысуына тыйым салынған. Қазақстанның Еңбек кодексінің 26-бабы 2-тармағына сәйкес білім беру саласындағы ұйымдарда денсаулыққа қасақана зиян келтіргені, халықтың денсаулығына қарсы қылмыстық құқықбұзушылығы үшін сотталған адамдарға жұмыс істеуге жол берілмейді. Алайда ол осы заң нормаларын бұзып, Назарбаев зияткерлік мектебіне жұмысқа қабылданған", - деді Таңсәрі.
Ол сондай-ақ педагогтың бұрынғы әйелінің соттағы сөзін келтірді.
Мұғалімнің бұрынғы әйелі не деді
Жәбірленушінің айтуынша, үйленгенге дейін ер адам "байсалды, сенімді, қамқор адам сияқты әсер қалдырған", бірақ уақыт өте келе жағдай ушығып, отбасылық жанжалдар пайда болған.
"...Ол ашуланшақ болып кетті. Бізде әркім өз ақшасын жұмсайтын, ол маған ақша бермейтін. Барлық маңызды шешімді жеке қабылдайтын, мен оған мойынсұндым. Бірге тұрған екі жарым жыл ішінде ол мені бірнеше рет пәтерден қуып шықты, шапалақпен ұрып, қолымнан қатты қысып, көгертетін, буындыратын. Ол әр күш қолданған сайын мүлде қорғанбайтынмын. Одан мені босатып, мені ұрмауын сұрадым. Қазақстанда мен бірнеше рет полиция шақырдым, алайда олар арыз жазбай, татуласуға көндірді", - деп келтірді Таңсәрі Эшфорд Лидің бұрынғы әйелінің сөзін.
Әйелдің айтуынша, күйеуі оны Кардиффке алып кеткен, ол жақта оның туыстары да, таныстары да болмаған.
"Ол бір ашуланған кезде ішімдегі баламнан айырылдым. Бұл 2017 жылдың ақпанында болған жағдай. Баладан айырылғаннан бір күн өткен соң ол мені үйден қуа бастады. Содан бөлмеге кіріп, есігін жаптым. Ол есікті сындырып, мені бұрышқа тақады. Мені гитарамен ұрып-соқты, басымнан соққы жедім. Тек гитара бөлшектеліп қалғанда ғана ұруын қойды", - делінген әйелдің сөзінде.
Сотталмағаны туралы құжат
Әлеуметтік желіде жарияланған бұл жазбаға қатысты "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы жауап берді. Олар бұл азаматтың бірнеше жылдан бері информатика пәнінен сабақ беретінін растады.
"Ол Алматыдағы физика-математика бағыттағы зияткерлік мектебінде жұмыс істейді. Шетелдік мұғалім, Ұлыбритания азаматы. Информатика мұғалімі ретінде еңбек жолын 2018 жылдың 30 қазанынан бастап Талдықорған қаласындағы физика-математика Назарбаев Зияткерлік мектебінде, 2021 жылдың 23 тамызынан бастап Алматы қаласындағы физика-математика Назарбаев Зияткерлік мектебінде жұмыс істеп келеді", - делінген хабарламада.
Мәлімдемеде мектепке жұмысқа орналасу кезінде ол 2018 жылдың 30 қаңтарында сотталмағаны туралы құжат ұсынғаны, соның негізінде жұмысқа қабылданғаны айтылған.
"Назарбаев Зияткерлік мектебі жүйесінде жұмыс істеген үш жыл ішінде мұғалімге қатысты кәсіби біліктілік пен жеке қасиеттерге қатысты шағым жоқ. Шетелдік мұғалімді жалдау TeachAway (Канада) компаниясы арқылы өтті", - делінген хабарламада.
Мектептің мәлімдемесінде білім беру мекемесі одан әрі тексеру жүргізе ме, жоқ па екені айтылмаған.
Назарбаев мектебіндегі оқушы өлімі
Алматыда химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы көз жұмды. Қаланың полиция департаменті суицид болғанын растады.
Қайғылы оқиға 27 қазанда болған. Ал мектеп мұның сабақтан тыс уақытта болғанын хабарлады.
Мессенджерде тараған ақпаратқа сәйкес, 8-сынып оқушысы мұндай әрекетке мектеп психологымен болған әңгімеден кейін барған.
Полиция департаменті оқушы өз үйінің 11-қабатынан секіріп кеткенін растады.
Бұл факті Бостандық ауданының полиция басқармасында қылмыстық кодекстің 105-бабы ("өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізімінде тіркелді.
Мессенджерде тараған ақпаратқа сәйкес, сәрсенбіде оқушы Гарри Потер стилінде әзіл болсын деп юбка киген. Оған кураторы дауыс көтеріп, күштеп психологқа апарған. Бала психологпен әңгімеден кейін терезеден секіріп кеткен.
Назарбаев зияткерлік мектебінің әкімшілігі де оқушының суицид жасағанын растады. Алайда оқушы мен психологқа қатысты жағдайға қатысты пікір білдірмеді.