Өңірлер

Қарағандыда қалааралық автобустар неге тоқтап қалды

© PhotoСалон пасажирского автобуса
Салон пасажирского автобуса - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.10.2021
Жазылу
Қарағандылықтар тасымалдаушы мемлекеттік органдарды алдын ала ескертпеді деп наразы болып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 28 қазан — Sputnik. Қарағанды облысында қалааралық бағдар бойынша жүретін автобустар төңірегінде тағы шу шықты.

Әлеуметтік желідегі жергілікті пабликтерде бірқатар бағдар бойынша автобус жүрмей жатқаны хабарланды. Бұл жанармай тапшылығынан туындап отыр деген қауесет бар. Себебі бір апта бұрынғы жағдай қайталанып отыр.

Қарағанды облысының әкімдігі хабарлағандай, бейсенбі, 28 қазанда 3-ші автопарктың жеті бағыт бойынша жүретін қалааралық автобустары жолға шықпаған. Олар: Қарағанды – Теміртау, Қарағанды – Саран, Қарағанды – Абай, Қарағанды – Шахтинск, Қарағанды – Шахан, Қарағанды – Топар, Қарағанды – Егіндібұлақ.

"Қазіргі уақытта жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы автопарк басшылығымен келіссөз жүргізіп, қосымша субсидия бөлу мәселесін талқылап жатыр. Келіссөз нәтижесі туралы қосымша хабарлаймыз", - деп мәлімдеді өңірдегі әкімдіктің баспасөз қызметі.

Жүргізушілер субсидияны ұлғайтуды сұрап отыр. Автопарктегілер жолаушыларды тасымалдау тиімсіз болып отырғанын айтуда, деп жазды "Патриот" Telegram-арнасы.

Кейбір дерек бойынша, тасымалдаушы мемлекеттік органдарды алдын ала ескертпеген. Қарағандылықтар осы жағдайға наразылық танытып отыр.

"Барлық қалада тиімді, тек Қарағандыда тиімсіз болып қалды ма! Қарағандыда тұрудың өзі тиімсіз боп барады!", "Неге біз жапа шегу керекпіз? Енді жұмысқа қалай жетеміз?", "Адамдардың не қатысы бар? Осы әрекеті үшін олардан автопаркті тартып алу керек!", "Жүргізушілерді түсінуге болады. Бірақ табыс бүкіл әлемдегідей он процент қана болуы керек. Автопарк иелері көп ақша көздеп отырған болар. Ол жағы бізге беймәлім", - деп жазды қарағандылық пабликтердің біріндегі оқырмандар.

Қарағандыда қалааралық автобустар тоқтап қалды

Еске салары, бұған дейін де Қарағанды облысында қалааралық рейс жүргізушілері жұмысқа шықпай қойған. Қазан айының ортасында облыста жанар-жағармай тапшылығына байланысты бірнеше қалааралық бағыттардың қозғалысы тоқтатылды. Сол кезде облысішілік маңызы бар автобустар алты бағыт бойынша жүруін тоқтатты.

Ол кезде де қаржыландыру басты проблеманың бірі болды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Қазыбек Мақышев 11 қазанда бұл мәселе бір аптада шешімін табады деп сендірді.

"Нөмірі екінші автобус паркінде проблема туындап, өткен демалыс күндері дизель тапшылығы салдарынан Қарағанды-Ақадыр бағыты бойынша автобус жүрмей қалды. Бұл мәселе апта соңына дейін шешіледі деп жоспарланып отыр", - деді ол.

Жаңалықтар
0