Өңірлер

Оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс: тұрғындар баспаналарына орала бастады

© Sputnik / Тимур БатыршинЖарылыстан зардап шеккен нысандар
Жарылыстан зардап шеккен нысандар - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.10.2021
Жазылу
Жөнделген үйлердің барлығының сырты сарғыш түске, іргетасы қызылға боялған. Шатырына да қызыл түс таңдалған

АЛМАТЫ, 18 қазан – Sputnik. Байзақ ауданында зардап шеккен 24 үй толық қалпына келтірілді, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Байзақ ауданында 35 үй зардап шеккен, оның 24-і пайдалануға берілді. Үйлердің төртеуі Үшбұлақ, 12-сі Жібек Жолы, сегізі Қайнар ауылында. Қалған 11 үйдегі жұмыстар қарашада аяқталады.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қалпына келтірілген үйлерді аралап, Қайнар ауылы тұрғындарымен кездесті.

Ауыл тұрғыны Ержан Айдарқұловтың айтуынша, оқ-дәрі қоймасы жарылған кезде үйі мен қорасының 50 проценті қираған. Ол жарылыстан екі күн өткен соң құрылысшылар келіп, үйді қалпына келтіру бойынша жұмыс бастағанын айтты.

"Бүгін баспанамызға оралып жатырмыз. Қуанышымызда шек жоқ. Үйдің ішіне таза ауыз су кіріп тұр. Бұрын қаржымыз болмай көгілдір отынға қосыла алмап едік, оны да кіргізіп берді. Қора-қопсымызды реттеп, шарбағымызды қоршап жатыр", - деді ол.

Сонымен қатар ауданда 12 кәсіпкерлік нысанның үшеуі жөнделіп, қайта жұмысын бастады. 9 нысанда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Жөнделген үйлердің барлығының сырты сарғыш түске, іргетасы қызылға боялған. Шатырына да қызыл түс таңдалған.

Қайнар ауылындағы көшелер толық жарықтандырылды. Электр желісі мен бағаналары жаңартылған. Асфальт бұрын орталық көшеде ғана болса, енді барлық көше асфальтталады.

Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаилдың айтуынша, аудандағы тұрмысы төмен отбасылардың үйіне газ тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Әлеуметтік көмек ретінде біздің тарапымыздан зардап шеккен әр отбасыға 300 мың, кәсіпкерлер тарапынан 200 мың теңгеден көмек көрсетілді. Әр оқушы балаға 50 мың теңгеден берілді", - деді ол.

Жамбылдағы жарылыс

26 тамыз кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінде өрт басталып, артынша оқ-дәрі жарылды. Кем дегенде 10 жарылыс болған.

Төтенше жағдайдан қаза тапқандар саны 17 адамға жетті. Оның ішінде оны – азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, алтауы – қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлері және бір әскери прокурор.

Жарылыстан 122 жылжымайтын мүлік, соның ішінде 106 тұрғын үй, 12 коммерциялық және 4 әлеуметтік нысан қираған.

Облыс әкімдігінің қыркүйектегі ақпаратына сәйкес, сол уақытқа дейін 62 тұрғын үй жөнделген. Жалпы қайта қалпына келтіру жұмыстарын 10 қарашаға дейін аяқтау жоспарланған.
Жібек жолы ауылындағы қираған №5 орта мектептің орнына жаңа мектеп салынады.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар
0