Өңірлер

Алматы іргесіндегі тұрғындар ауыз суға неге жарымай отыр - видео

© Photo : СС0 су
су - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.10.2021
Жазылу
Сырттан жеткізілетін суды қалтасы көтермеген жұрт денсаулығын қатерге тігіп, арықтан ішуге мәжбүр

НҰР-СҰЛТАН, 13 окт — Sputnik. Алматыдағы Тастыбұлақ ауданының тұрғындары суаруға арналған лас суды тұтынуға мәжбүр.

КТК телеарнасының хабарлауынша, Тастыбұлақ шағын ауданы мегаполиске жеті жыл бұрын қосылған. Оған дейін жергілікті үйлер саяжай болып саналатын. Қалаға қосылғанымен тұрғындардың тұрмыстық жағдайды оңалмады. Ең керегі - таза ауыз суға жарымай отыр.

"Көп адам су таситын көлікпен жеткізілетін ауыз суға қаражат үнемдеп, суаруға арналған суды ішіп отыр. Суару суы деген міне, өзеннен алынатын су. Онда жануарлардың өлексесі де, басқа зат та болуы мүмкін", - дейді жергілікті тұрғын Эльвира Әбілева.

Сырттан жеткізілетін алты текше метр су бағасы 20 мың теңге тұрады. Сондықтан көп адам денсаулығын қатерге тігіп, арықтағы суды тұтынуға мәжбүр.

"Қыста арықтағы суды тұндырып, сосын сүзіп ішеміз. Менің балам инфекция жұқтырып, екі ай ауруханада жаттық. Уланғаннан кейін баламның аяғы жүрмей қалды", - дейді тағы бір тұрғын Елена Иванченкова.

Төрт бала тәрбиелеп отырған Әсемгүл Қаймалованың бұл шағын ауданда тұрып жатқанынан бір жыл болған. Көпбалалы отбасының суды сатып ішуге мүмкіндігі болмағандықтан, ауыз суды туыстарынан алып келеді. Бұл отбасы да қымбатқа айналып отырған тіршілік нәрін үнемдеп отыр - арықтағы суды киім-кешек жууға жұмсаса, ауыз суды тағам әзірлеу үшін қолданады.

"Біз күн сайын балаларды шомылдырамыз. Баланы жуындыру үшін 20-30 литр су жұмсалады. Жолдасым жуыну, тағам әзірлеу үшін күнара туыстарымыздан 100 литрлеп су тасып жүр", - дейді Әсемгүл Қаймалова.

Біраз уақыт бұрын мердігерлер су құбырын жүргізу үшін шағын ауданда көшеде қазу жұмыстарын жүргізгенімен, бұл шағын ауданда су әлі тартылмады. Қопарылған көшені қалпына келтіруге де ешкім асығар емес. Жаңбыр жауғанда бұл ауданның тұрғындары батпақты кешіп күнелтуде.

"Жолды да қазып тастады. Су құбыры жартылай жүргізілді. Жедел жәрдем шақырсақ, ол жол жаман деп мұнда келуден бас тартады. Наурызбай ауданының әкімдігі, кабинетте отырған барлығыңызды осында бір күн түнеп, жағдайда өз көздеріңізбен көруге шақырамын", - деп шағымданды Тастыбұлақ тұрғыны Ольга Драгунова.

Аудандық әкімдікте Алматыға қосылған сегіз шағын ауданның тек бесеуіне су құбыры жүргізілгенін айтты.

"Үш шағын аудандағы жұмыс келесі жылға қалды. Алдағы жылы барлық жұмыс аяқталады. Бірақ одан кейін бұл жұмыстар "Алматы Су" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына беріледі. Қазір магистральді кәріз-су құбыры желілері салынып жатыр", - деді  Наурызбай ауданы әкімі аппаратының коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Өркен Қодаров.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар
0