НҰР-СҰЛТАН, 2 қазан – Sputnik. Шардара су қоймасының жағдайымен танысуға келген еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов пен Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевті жергілікті тұрғындар сұрақтың астына алды.
Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарының тұрғындары оңтүстік аудандардағы ағын суға қатысты маңызды мәселелерді үкіметке жеткізуді талап етті.
Сырдария өзені тартылып, Шардара су қоймасының толмай қалуынан биыл жаз айларында судың сапасы нашарлап, залалсыздандыру жұмыстары күрделенді. Шардаралықтар тіршілік нәрінен тарықты. Бұған жауын-шашынның аз түсуі мен қуаңшылық, одан қалды көршілес елдерден келетін судың кемуі себеп.
"Шіріген иіс шығады": Түркістан облысының тұрғындары ауыз суға зәру
Ал Шардара су қоймасындағы суды сүзгіден өткізіп, тазалайтын станцияның жұмысы тікелей судың деңгейіне байланысты. Теңізде су тартылса, жұмыс та тоқтайды. 80-жылдары қолданысқа берілген қаланың бас су таратушы станциясы әбден ескіріп, тозығы жеткен. Пайдаланымдағы қондырғылары өндірістен алынып тасталған, ешқандай зауытта жасалмайды.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәселені түбегейлі шешу үшін қаладан 34 шақырым қашықтықта, құмның ішінде орналасқан су қоры жеткілікті "Тастанбек" жер асты суын жеткізу қолға алынғанын жеткізді. Су сапасы сынақтан өтті. Ендігі кезекте республикалық бюджеттен қаржыландыру қажет. Жобаны келер жылы толық жүзеге асыру көзделген.
"Қазіргі жағдай ерекше алаңдатып отыр": Тоқаев Түрікменстанға не үшін барды
Шардара су қоймасында бөгеттің сейсмотұрақтылығын қайта жаңғырту және арттыру құрылысы жүріп жатыр. Министр құрылыс барысымен танысты. Шардара су қоймасы толық жөндеуден өткеннен кейін 7 балдық жер сілкінісіне шыдас беретін сейсмикалық төзімділікке ие болады. 2019 жылы су нысанының қабырғаларын нығайтуға республикалық бюджеттен 7 млрд 733 млн теңге қаражат бөлінген. Осылайша жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған су қоймасын кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары қарқынды жүзеге асырылуда. Су қоймасының құрылысы 2022 жылы толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жаңғырту жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
"Кезек күттірмейтін мәселе": Шөкеев екі бірдей облысқа қауіп төніп тұрғанын айтты
Айта кетейік, Шардара су қоймасының жалпы сыйымдылығы 5 млрд 200 млн текше метр. Алдағы уақытта су қоймасына сандық технологияларды енгізуді де жоспарлап отыр. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін су бөлу және оны есептеу жұмыстары толығымен автоматтандырылмақ. Су қоймаға электронды есептеуіш құралдары қойылады. Бөгеттен шығып жатқан сулардың барлығы компьютер арқылы есептеліп отырады.