Өңірлер

Алматы облысында жеміс-жидек кластері салына бастады

© SHUKIR_SHAKHAYПремьер-министр дал старт строительству плодовоягодного кластера в Алматинской области
Премьер-министр дал старт строительству плодовоягодного кластера в Алматинской области - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.09.2021
Жазылу
Жобаны іске асыру елдің импортқа тәуелділігін алма бойынша 5%-ке, жидектер бойынша 100%-ке төмендетуге жол ашады

НҰР-СҰЛТАН, 17 қыркүйек –  Sputnik. Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин Алматы облысының Іле ауданындағы "Береке" индустриялық аймағында "FRUIT ART" ЖШС экспорттық жеміс-жидек кластерінің инфрақұрылымын салуды бастап берді.

Кәсіпорынға газ ортасы реттелетін, 15 мың тонна өнім сыятын жеміс сақтау қоймасы, тәулігіне 200 тонна шикізатты қайта өңдеу қуаты бар жемістер мен жидектерді сублимациялық кептіру зауыты, сондай-ақ 9 га алаңда жылына 1800 тонна құлпынай және 900 тонна салатты жыл бойы өсіретін жылыжай кешені кіреді.

Бірінші кезеңде инвестициялардың жалпы көлемі 34 миллиард теңгені құрайды, оны 2022 жылы пайдалануға беру көзделген. 500 тұрақты және 7 500 маусымдық жұмыс орны ашылады.

Жобаны іске асыру елдің импортқа тәуелділігін алма бойынша 5%-ке, жидектер бойынша 100%-ке төмендетуге жол ашады. Ішкі нарыққа жеткізумен қатар, кәсіпорын өнімдері шетелге, оның ішінде Еуропалық Одақ елдеріне экспортталатын болады.

Қапшағай қаласында үкімет басшысы теңіз балығын өсіретін "Оспанова Девелопмент" ЖШС балық өнеркәсібі кешенін салу жобасының іске асырылу барысын тексерді. Жобалық қуаты жылына 10 мың тоннаға дейін балықты құрайды. Жобаның құны – 67,3 миллиард теңге, бірінші кезеңді іске асыру мерзімі – 2022 жыл.

Премьер-министрге Алматы облысында 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған қант саласын дамыту жоспарлары туралы баяндалды. Суармалы жерлерді кеңейту есебінен қант қызылшасының егіс алаңдары 3,3 есе 53 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Су үнемдеу технологияларын қолдану жалпы өнім жинау өсімін 3,6 есе 2 миллион тоннаға дейін қамтамасыз етеді.

Серіктес қала

Үкімет басшысына жалпы халық саны 220 мың адамды құрайтын Алматы қаласының төрт серіктес қаласы құрылысының жобасы –"G4 City" таныстырылды. Бірінші кезеңде 2370 гектар аумақта жобалық халық саны 60 мың адамды құрайтын 1,4 миллион шаршы метр тұрғын үймен "Gate City" салынады.

"Қорғас – Шығыс қақпасы" АЭА

Панфилов ауданында премьер-министр Қазақстан-Қытай шекарасындағы "Нұр Жолы" өткізу пунктінде болып, "Қорғас – Шығыс қақпасы" АЭА көліктік және логистикалық инфрақұрылымының дамуымен, Құрғақ порт операторының қызметімен, "Қазпошта" АҚ Бонд қоймасының жұмысымен, сондай-ақ АЭА-ның перспективалық инвестициялық жобаларымен танысты.

Мамин қуаты жылына 60 мың тонна жем-шөпті құрайтын "SSA Feed Mills" құрама жем зауытының өндірістік желісінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Жоба құны – 4,7 миллиард теңге. Өнімнің 55%-і ішкі нарыққа бағытталады, 45%-і шетелге экспортталатын болады.

"QazVaq" өндірісі

Қарасай ауданының Абай ауылында премьер-министр иммунобиологиялық препараттар шығаратын "Антиген" ҒӨК" ЖШС жобасымен танысты. Сондай-ақ кәсіпорын алаңында айына "QazVaq" вакцинасының 1 миллион дозасына дейін құю бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес келетін желі ұйымдастырылған. 

Жұмыс сапарына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов және тағы басқалар қатысты.

Жаңалықтар
0