НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik. Алматыда әйелден 12 миллион теңге бопсалаған 40 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.
Криминалдық полицейлердің айтуынша, ақша табудың бұл әдісін "Шаңырақ" ықшам ауданының тұрғыны қолданған. Бұрын ер адамның ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды.
"Полицияға 23 жастағы қыз арызданды, ол анасының танысы әлеуметтік желіде интимді сипаттағы суреттер мен видеоларды жариялаймын деп қорқытып, бопсалау арқылы 12 миллион теңге талап етіп отырғанын айтты", – деді Алматы қаласы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Бұл факт Қазақстан қылмыстық кодексінің 194-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелді.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол танысынан бопсалаған ақшаның бір бөлігін алғанын мойындады. Тергеу жалғасып жатыр.