Өңірлер

"Түнде болса, қашып үлгермейтін едік": оқиға куәгерлері Тараз маңында не болғанын айтты

© Sputnik / Тимур БатыршинТараз маңындағы жарылыстан зардап шеккен нысандар
Тараз маңындағы жарылыстан зардап шеккен нысандар - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.08.2021
Жазылу
26 тамызда болған жарылыстан кейін Жамбыл облысындағы жағдай қалай ретке келіп жатқанын, оқиға кезінде адамдар қалай аман қалғанын Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ, 29 тамыз – Sputnik. Жамбыл облысы Байзақ ауданында оқ-дәрі қоймасы жарылып, жергілікті тұрғындарды ғана емес, бүкіл Қазақстанды алаңдатып қойған төтенше жағдай болғалы бүгін үшінші күн. Алайда осы аралықта жағдай тұрақталды деп айтуға келмейді, себебі күн сайын жарылыстан қаза болғандар саны артып жатыр.

Жарылыс салдарынан сол маңдағы ауылдарда үйлер қирап, тас жол бойында орналасқан нысандар бүлінді. Меншік иесі мүлкінен бұрын адам жанын ойлап, оқиғаның қалай өрбігенін көзіне жас алып еске алды. Олар жарылыс болған аймаққа барған Sputnik Қазақстан тілшісіне қазір қандай күйде жүргенін, мүліктің құнын есептеу бойынша жұмыстардың қалай жүріп жатқанын айтты.

Жарылыс аймағы жабық тұр

Бұған дейін жарылыс шыққан аймаққа жауапты қорғаныс министрлігі тұрғындарға ешқандай қауіп төніп тұрмағанын айтқанымен, мұнда топ-топ болып жиналған адамдар қалыпты тіршілігіне орала қойған жоқ. Жарылыс болған қойма мен оның жанында орналасқан Қайнар ауылына сол жерде тұратын адамдар да жіберілмейді. Одан бөлек жарылыстан алыстау орналасқан ауылдарға кіруге бәріне рұқсат берілмеген. Алматы – Тараз бағытындағы тас жол бұрынғысынша жабық, әрбір бұрылыстан полиция қызметкерін кездестіруге болады.

© Sputnik / Тимур БатыршинЖарылыс толқынынан ғимараттың төбесі опырылған
Түнде болса, қашып үлгермейтін едік: оқиға куәгерлері Тараз маңында не болғанын айтты - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.08.2021
Жарылыс толқынынан ғимараттың төбесі опырылған

Ол жерден құтқарушылар, әскерилер мен полиция қызметкерлері ғана өте алады. Ал журналистер төтенше жағдай салдарын өз көзімен көруі үшін басқа да жолдарды іздеуге мәжбүр.

Бізге де Байзақ ауданындағы бірнеше ауылдың ортасынан ойқы-шойқы жолдар арқылы жүрген бірнеше сағаттың нәтижесінде кәсіпкерлермен сөйлесу мүмкіндігі туды. Соның бірі – Жанна Назарбекова. Кәсіпкердің жол бойында қонақ үйі, азық-түлік дүкені, көлік майы дүкені, дәмханасы бар. Бірі жиырма жылдан бері жұмыс істеп тұр, енді бір нысан 13-15 жыл бұрын салынған. Төтенше жағдай болған кезде мұнда күнделікті жұмысын атқарып жүрген 20 шақты адам болған. Қонақ үй ішінде келуші болмаған, дәмханада бірнеше адамға қызмет көрсетілген. Алайда жарылыс басталған сәтте бәрі қауіпсіз аймақ ретінде жазық далаға қашқан.

"Күйеуім сырқаттанып қалғандықтан, мен қалада болдым. Даяшылар шошып, қашып жатқан кезде маған хабарласты. Қызметкерлердің бәрі осы жерде болған. Дүмпу басталғанда жазық далаға қарай қашқан. Жағдайды ести сала осы жаққа шығып едік, бірақ жолды бірден жауып тастады. Түнгі үшке дейін қызметкерлерді іздеп, таптық. Үйге апарып, жағдайын жасадық. Себебі бәрі қорқып қалған. Ішінде ауруханаға түскендер жоқ. Жарылыс болған кезде бір даяшы жігіт түнгі ауысымға шығамын деп ұйықтап жатқан екен. Терезе сынған кезде жігіттің бетін шыны тіліп кеткен. Ал ас әзірлеп тұрған аспаздар жарылыс кезінде қабырғаға соғылған" , - дейді Жанна Назарбекова.

Кәсіпкердің айтуынша, өрт түсте сағат үш жарым шамасында басталды. Бірден өрт сөндірушілер келіп, жұмысқа кіріскен. Алайда араға бірнеше сағат салып жарылыс болған. Дәмхана иесі апат түнде болғанда бәрі ғимарат ішінде зардап шегуі мүмкін еді деген қорқынышын да жасырмады.

Дәл қазір бүлінген нысандар орнында арнайы құрылған комиссия жұмыс істеп жатыр. Олар үш күннің ішінде жалпы шығынды есептеуі қажет.

© Sputnik / Тимур БатыршинЖол бойындағы қонақ үй қызметкерлері ғимаратты жарылыстан кейінгі үйіндіден тазартып жатыр
Түнде болса, қашып үлгермейтін едік: оқиға куәгерлері Тараз маңында не болғанын айтты - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.08.2021
Жол бойындағы қонақ үй қызметкерлері ғимаратты жарылыстан кейінгі үйіндіден тазартып жатыр

"Арнайы комиссия шығынды өтейтінін айтты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен вице-премьер Роман Скляр жөндейміз деп уәде берді. Келіп қарап жатыр. Қалай санайтынын, мына жерді қанша уақытта қайта қалпына келтіріп беретіні белгісіз. Бұл жерде қаншама адам жұмыссыз қалды, өзіміздің кәсібіміз тоқтады", - дейді кәсіпкер.

Жат! Жүгір!

Ал сол күні болған жарылысты көзіне жас алып еске алған Ләззат Жабатаева қызметкерлерінің қалай аман қалғанын айтып берді. Дәл осы жерде оның қол астында 50 адам жұмыс істеп жатқан. Арасында ұлы да бар.

"Ең бастысы бала-шағам, жұмысшыларым аман қалды. Соған шүкіршілік етіп отырмын. Содан кейін бұл жарылыстың түнде болмағанына шүкір. Түнде болса, қашып үлгере алмай қалатын едік. Мен де түтін қап-қара қоюлатып бастаған кезде осы жерде болдым. Содан Таразға кеттім", - дейді әйел.

Алайда оқиға өртпен ғана аяқталмағаны белгілі. Артынша бірнеше рет дүмпу болып, жаңа салынып біткен нысанды да, отбасы жүргізіп отырған кәсіптің де талқанын шығарды.

© Sputnik / Тимур БатыршинАрнайы құрылған комиссия шығындарды есептеуге кірісті
Түнде болса, қашып үлгермейтін едік: оқиға куәгерлері Тараз маңында не болғанын айтты - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.08.2021
Арнайы құрылған комиссия шығындарды есептеуге кірісті

"Бізде осы жерде инвестициялық жоба бар. Оның ішінде көкөніс сақтау қоймасының құрылысы толық біткен еді. Іске қосып үлгермедік, іші шашылып қалды. Бұл инвестициялық жобаны аудан, облыс, республика бақылап отырған. Қойманың жанында консервті зауыт салынып, құрылғылардың жеткізілуін күтіп отырдық. Енді ол да жарамай қалды. Қатты дүмпу болған, әйтпесе құрылысқа ең сапалы заттар қолданылды. Темір есікке дейін шашылып қалыпты. Кешен үш жыл бойы салынды. Көкөніс сақтау қоймасын биыл бірінші қазанда қолданысқа береміз деп жоспарлағанбыз. Ал консервті зауытын 2022 жылы ашамыз деп ойладық", - дейді кәсіпкер.

Тағы оқыңыз: Тоқаев Тараз маңындағы жарылыстан қаза болғандарды марапаттады

Одан бөлек кәсіпкердің көше бойында орналасқан мейрамхана, наубайхана, медициналық пункті, дәмхана, қонақ үйі бар. Ауыл тұрғындары мен тас жолдың бойынан өтетін адамдарға арнап салынған медициналық пунктінің шатыры опырылып түскен. Қалған нысандар да жарамсыз болып қалды.

"Жарылыс болған кезде осы жерде елуге жуық адам болған. Менің ұлым да осы жерде еді. Барлығы жарылыстың дауысын естіген сәттен бастап қашқан. Күзетші мұндай жағдайда не істеу қажет екенін біледі екен. Жарылыс кезінде бәріне пәрмен беріп, біресе "жат", бірде "жүгір" деп бәрі аман қалды. Бірінші жарылыс пен екінші жарылыс арасында қашып үлгерді", - дейді ол.

Әйел шығын көлемін есептеуді арнайы сарапшыларға қалдырған. Себебі көпшілік жақын адамдарын жоғалтып жатқан сәтте мұндайды ойлай алмайсың дейді.

© Sputnik / Тимур БатыршинЖергілікті тұрғындар үйіндіні тазалап жатыр
Түнде болса, қашып үлгермейтін едік: оқиға куәгерлері Тараз маңында не болғанын айтты - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.08.2021
Жергілікті тұрғындар үйіндіні тазалап жатыр

"Бұған дейін мұндай төтенше жағдай болған емес. Жасым алпыстан асты, бірінші рет көріп тұрмын", -  дейді Ләззат Жабатаева.

Айтуынша, жарылыс болған жердегі Қайнар ауылында елу отбасы түтін түтетіп отыр. Өрт басталған кезде де, жарылыс кезінде де осы жерде жұмыс істейтіндер бас сауғалауға емес, ауылдағы бала-шаға, мал-жанға қарай жүгірген. Оларды қазірге дейін үйіне өткізбей отыр екен.

Ал бүлінген нысандарды тазалау жұмыстары басталып кетті. Сынған,  жарамсыз қалған заттар көліктерге тиеліп жатыр.

Жамбылдағы жарылыс

26 тамыз кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданында әскери бөлімдегі қоймалардың бірінде жарылыс болды. Салдарынан 13 адам қаза тапты. Жоғалған үш адам іздестіріліп жатыр.

Тағы оқыңыз: "Үйіміз сілкініп жатқандай болды": Жамбыл жұртшылығы жарылыс болған түнді қалай өткізді

Бастапқыда жарылыс шыққан аймаққа жақын орналасқан бірнеше ауылдың тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Қазір олар туыстарының үйіне не өз үйіне қайта оралды.

Елді мекендерді өрт сөндірушілер, полиция бақылауға алған.

Жаңалықтар
0