НҰР -СҰЛТАН, 28 тамыз – Sputnik. Қазақстанда заңсыз алтын өндірумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтармен күрес бойынша арнайы операция аясында 32 адам ұсталды, деп хабарлады ішкі істер министрлігі.
Арнайы операция Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола және Маңғыстау облыстарында өтті. Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру арнасы жойылды. Қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар заңсыз алтын өндіруге жағдай жасаған алтын іздеушілердің "бригадирлеріне" жүйелі түрде демеушілік еткен.
Оқи отырыңыз: ҰҚК арнайы операция кезінде 31 адамды ұстады
"Заңсыз алтын өндіруді ұйымдастырудан бастап, зергерлік бұйымдар түрінде дайын өнімді сатуға дейінгі қылмыстық механизмнің барлық тізбегі, оның ішінде құпия орынға тасымалдау және өнімдерге жалған құжаттар дайындау қызметі құжаттандырылған", - делінген хабарламада.
27 тамызда 43 объектіде тінту жүргізілді, нәтижесінде мынадай заттар тәркіленді:
- құрамында алтыны бар металды өндіру цехтарының қызметін ұйымдастыруға арналған құрал-жабдықтар (ұсақтау қондырғысы, химиялық реактивтер және басқа да құралдар);
- зергерлік бұйымдарды балқытып, өндіретін Алматы мен Шымкенттегі екі заңсыз цех (оларда балқыту станоктары, алтын құюға арналған қалыптар, қиыршық тас концентраттары және басқа да жабдықтар болған);
- 95 миллион 801 мың теңге және 356 мың доллар сомасындағы қолма -қол ақша;
- жалпы салмағы 10 келіден асатын алтын бұйымдар мен құм;
- 13 бірлік қымбат автокөлік (оның ішінде Lexus LX 570, Nissan Patrol, Toyota және т.б.);
- атыс және суық қару – 5 бірлік;
- Шымкенттегі заңсыз цехтың қызметі туралы құжаттама ("қара бухгалтерия").
Қылмыс жасады деген күдікпен 32 адам ұсталды, олардың тоғызы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ұйымдастырушылар мен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты 262-бап "Ұйымдасқан топты, қылмыстық ұйымды құру және басқару, сондай-ақ оларға қатысу", 188-бап "Ұрлық", 196-бап "Біле тұра қылмыстық жолмен алынған мүлікті сатып алу немесе сату" бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.