НҰР-СҰЛТАН, 26 тамыз – Sputnik. Қарағанды облысында коронавирустан қайтыс болған ер адам вакцинаның екінші дозасын өлген соң "алған", деп хабарлады Polisia.kz.
Бұл деректі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қарағанды облысындағы департаменті COVID-19-ға қарсы вакцина салдырған адамдар арасындағы өлім-жітімді тексеру кезінде анықтады.
"59 жастағы Теміртау тұрғыны жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылғанға дейін вакцинаның бірінші компонентін салдырғаны туралы белгі болған. Бес күннен кейін бұл азамат COVID-19-дан қайтыс болды. Алайда ол қайтыс болған күннің ертеңінде базада ер адамның вакцинаның екінші компонентін алғаны туралы белгі пайда болды. Әрине, осыдан кейін оның бірінші вакцинаны алғаны күдік тудырды", - деп түсіндірді полиция департаменті тергеу бөлімінің бастығы Алмаз Саламатов.
Қазіргі уақытта бұл факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Тиісті органдарға сұрау жіберілді. Тергеу барысын облыстық полиция департаментінің басшылығы бақылауға алды.