Өңірлер

Павлодарда "суға батқан" жасөспірім мен ер адам аман табылды

© Sputnik / Александр Кряжев / Медиабанкке өтуГорожане купаются на озере, архивное фото
Горожане купаются на озере, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.07.2021
Жазылу
Павлодарлық құтқарушылар суға кетті деп іздеу жарияланған адамдардың аман-сау табылғанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 30 шілде – Sputnik. Павлодар облысында суға батып кетті деп іздеу жарияланған жасөспірім мен ер адам аман-есен табылды. Соңы қуанышпен аяқталған бұл оқиға туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД басшысының орынбасары Мейрамбек Батырқұлов айтып берді.

Серуендеуге кеткен

28 шілдеде сағат 16:55-те әйел адам Баянауыл ауылындағы құтқарушыларға Сабандыкөл көлінің орталық жағажайында 15 жастағы жасөспірімнің суға кеткені туралы хабарлаған. Құтқарушылар аталған аумаққа тез арада автокөлікпен жеткен.

Оқи отырыңыз: Әйелін құтқармақ болған: Шығыс Қазақстанда ерлі-зайыпты суға кетті 

Алайда қайғылы оқиға расталмады. Ерлі-зайыпты екі баласымен Алматыдан Баянауылға демалысқа келген. Отағасы дүкенге кеткен кезде әйел қызын дәретханаға алып кеткен де, қайтып оралғанда ұлының жағалауда жоқ екенін көрген. Ол дегбірі қашып, тез арада 101 жедел желісіне хабарласып, 15 минуттан бері ұлын таппай жатқанын және ол суға кетті деп күдіктеніп отырғанын жеткізген.

Бірақ көп ұзамай жасөспірім аман-сау күйде табылған. Ол көл жағасын бойлай серуендеп кеткені белгілі болды.

Құтқарушылар жасөспіріммен және оның ата-анасымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жағажайда киімін ұмытып кеткен

Осы тектес тағы бір оқиға Екібастұз қаласында 30 шілдеде сағат 05:30 шамасында болған. 112 желісі арқылы кезекші полиция қызметкері 1982 жылы туған майнинг қызметінің өкілі жоғалып кеткенін хабарлаған. Оның киімдері ГРЭС-1 аумағындағы көл жағасынан табылған.

Құтқарушылар оқиға орнына жеткен соң, әлгі азаматты жасанды су тоғанынан екі километр қашықтықтан тапқан. Ер адамның айтуынша, ол кешкі тоғыз шамасында ГРЭС-1 суатына барып, сол жақта киім-кешегін қалдырып кеткен. Ол сол күйінше көлдің арғы бетіне жүзіп өтіп, кеңсесіне қарай бет алған. Сондай-ақ ер адамның мас екені белгілі болды.

Жалпы жыл басынан бері Павлодар облысындағы суларда 18 адам, соның ішінде бес бала суға кетті.

 

Жаңалықтар
0