Өңірлер

Арыс тұрғындарымен кездескен депутат зейнеткерлерге қатысты ерекше ұсыныс айтты

© Sputnik / Сергей Венявский / Медиабанкке өтуПожилые люди покупают продукты на рынке, архивное фото
Пожилые люди покупают продукты на рынке, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.07.2021
Жазылу
Арыс қаласының әкімі алдағы уақытта жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыратынын атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 22 шілде – Sputnik. Арыс тұрғындарымен кездескен депутат Ләззәт Рамазанова немересін бағатын зейнеткерлерге мемлекет тарапынан қосымша қолдау көрсету мәселесін көтерді.

"Түркияның Измир аймағын мысалға келтірейін. Ол жерде немересін бағатын ата-әжеге мемлекет зейнетақысының 50 проценті көлеміндегі қосымша ақыны әлеуметтік көмек ретінде төлейді. Бәлкім, осы әдісті біздің қоғамда да қолданысқа енгізіп көру керек шығар. Өйткені бұл жобаны жүзеге асыру арқылы бірнеше мәселе шешімін табады", – деді президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы.

Оның айтуынша, мұның арқасында тұрмыстық жағдай түзеліп, ата-әже мен немере арасындағы байланыс нығаяды, отбасылық құндылықтар дәріптеледі. Бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесінің шешілуіне оң әсерін тигізеді.

Мұндай бастамаға қолдау білдірген Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова алдағы уақытта жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыратынын атап өтті, деп хабарлады Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, депутат елімізде отбасы институтын дамытуға республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлу керектігін де алға тартты. 

"Осы жолда табысты жұмыс жүргізген елдегі кәсіпкерлерге заң аясында салықтық жеңілдіктер қарастыруды қолға алғанымыз жөн", – деді Рамазанова.

Басқосуда азаматтық-құқықтық қоғамды қалыптастыру мен дамыту бағытында мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың жай-күйі талқыланып, алдағы жоспар туралы айтылды.

Жаңалықтар
0