Өңірлер

Шымкентте 8 жасар қызды зорлады деп айыпталған бала сотталып кетті

© Photo : ChanzjРебенок стоит у забора
Ребенок стоит у забора - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.07.2021
Жазылу
Жәбірленуші тараптың өзі баланың кінәсіз екенін айтып сотта дәлелдеп баққанымен, екі жақтың да уәжі мүддем ескерусіз қалып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 22 шілде – Sputnik. Шымкентте сегіз жасар қызды зорламақ болды деп айыпталған жасөспірім 5 жылға сотталды. Апелляциялық сот 15 жастағы Аймұрат Айбекке тағайындалған ауыр жазаны өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлады КТК.

Сотталушы түгілі, жәбірленуші тараптың өзі баланың кінәсіз екенін айтып сотта дәлелдеп баққанымен, екі жақтың да уәжі мүддем ескерусіз қалып отыр.

Істегі басты күдікті – 10-сынып оқушысы 8 жасар қызға қол жүгіртті деп биыл сәуірде бес жылға сотталып кеткен болатын. Арада бір сағаттан астам уақыттан соң соттан ауыр жазаға кесілген жасөспірімнің ботадай боздаған анасы шықты. Айтуынша, қыздың психикалық ауруы туралы анықтама мен оның ешқандай бүлінбегені туралы құжаттарды сот тағы да назарға алмапты.

"Кішкентай баланың тағдырына бұлар балта шауып жатыр. Әділ шешім сұраймыз. Дәлелсіз, иә. Бізде бүкіл қағаз бар, сараптаманың бәрін дайындадық, бірақ Шымкентте әділ шешім жоқ", - дейді сотталушының анасы Айнұр Әділова.

Оқиға былтыр жазда болған. Қыздың отбасы Аймұраттың үйінде бір бөлме жалдап тұрған екен. Бір күні сегіз жасар қыз анасына қожайын ұлдың өзіне тиісіп зорлағысы келгенін айтыпты. Қыздың анасы ашумен бірден полиция шақырып, олар оқушыны үйінен жедел ұстап әкетіпті. Бірақ жеткіншек қыздың психикалық ауруы бар екенін ескермеді, енді ұлға обал болды дейді сотқа келген қыздың шешесі.

"Он күннен кейін шай ішіп отырған кезде қызым "Аймұрат тәте қайда?" деп сұрады. "Аймұрат тәтеңді қамап қойды ғой, сен тиісті деп айтқан соң" деген едім, "мен оны түсімде көрдім ғой, мен оны бекер айтыппын ғой" түсімді, соған бола Аймұрат тәтемді қамап қойды ма?" деп айтты. Сосын мен тергеушіге барып, арызымды қайтып алатынымды айттым, тергеуші: "арызыңызды қайтып ала алмайсыз, қайтып алсаңыз өзіңіз 10 жылға қамалып кетесіз, арызыңызды бере алмаймын" деп айтты", - дейді жәбірленушінің анасы Айгүл.

Сотталушының қорғаушысы істе шикілік тым көп деп отыр. Полицейлер баланы қорқытып, сексуалдық сипаттағы әрекетке бардым деп күштеп жаздыртты дейді. Мұны сотталушының өзі айтып берген. Екіншіден, қыздың ақыл-есі кеміс деген сараптаманы сот назарға алмаған. Үшіншіден, қызды тексерткенде денесінен ешқандай зорлық-зомбылық белгілері анықталмады дегенді айтады.

"Сараптамада бір-біріне қарама-қайшы мәлімет кезде сот оның дұрыстығына көз жеткізу керек. Болжаммен адам соттауға болмайды", - дейді адвокат Жарылқап Өмірзақов.

Апелляциялық сот шешімді мың ойланып, дәлелдерге сүйене отырып шығардық дейді. Бірақ заңнамаға сәйкес мұндай істе ашық айтуға болмайтындықтан, дәлелдерді жарияламаймыз дегенді алға тартты.

"Жыныстық тиіспеушілікке қатысты зорлық-зомбылық әрекеттер жасаған. Оның бәрін біз айтуға міндетті емеспіз. Негізі сот отырысы жабық өтті", - дейді Шымкент қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Ербол Жанғазин.

Екі күн бұрын ғана 16 жасқа толған жасөспірім әзірше уақытша қамау абақтысында отыр. Бірақ соңғы соттың шешімі күшіне енген соң колонияға ауыстырылуға тиіс. Алайда баланың жақындары мен жәбірленуші тарап енді үкім күшін жойсын деген талаппен Жоғарғы сотқа арызданбақшы.

Жаңалықтар
0