Өңірлер

Ақсудағы үш адамның өлімі: көршілері оқиғаның мән-жайын айтты

© Sputnik / Тимур БатыршинНожи, иллюстративное фото
Ножи, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.07.2021
Жазылу
Тергеушілер қайғылы жағдай болған түні марқұм мен күдіктінің арасында не болғанын анықтап жатыр. Қанды қылмысқа қатысы бар күдікті 20 жылға немесе өмір бойына сотталуы мүмкін

АЛМАТЫ, 14 шілде – Sputnik. 35 жастағы әйел мен оның екі қызының кісі қолынан қаза болуы Павлодар облысы Ақсу қаласы тұрғындарын дүрліктірді. Полиция ақпаратына сәйкес, үш адамның өліміне қатысы бар деген күдікпен ер адам ұсталды.

Ол марқұм әйелмен таныс болған. Трагедия түні екеуінің арасында жанжал шығып, әйелге пышақ сұққан. Содан кейін оның 7 жасар Гүлдана және 5 жасар Раяна деген қыздарын өлтірген.

Алайда сол түні көршілері ешқандай шу естімегенін айтты.

"Әйел таңнан кешке дейін жұмыста болатын. Тіпті үйдің алдындағы орындықтарда отыруға уақыты жоқ еді. Ол көп жұмыс істеді. Ешкімнің ештеңе естімегеніне, неге тыныш болғанына таңғалып отырмыз. Әйелдің көршісі түнгі сағат 2:00-де темекі тартқанын айтты, бірақ еш нәрсе естімеген. Қазір жаз кезі болғандықтан, барлық терезе ашық тұрады, бәрі естіледі. Алайда ол бәрі тыныш болғанын айтты", - деп жеткізді марқұмның көршісі Виктория Вольфтың сөзін AstanaTV телеарнасы.

Көршілердің айтуынша, әйел жуырда ғана осы пәтер мен азық-түлік бөлімін сатып алған. Қыздары да үнемі ұқыпты жүрген.

Зухра мен оның қыздарының денесін қайтыс болғандардың әкесі мен атасы тапқан.

Марқұмның туыстары БАҚ өкілдерімен байланысқа шықпай отыр. Жерлеу рәсімін Шымкентте өткізгісі келетіні ғана белгілі.

Ал тергеу кісі өлтіруге не себеп болуы мүмкін екенін анықтап жатыр.

"11 шілде түнгі сағат үш шамасында олардың арасында жанжал шығып, ер адам әйелді пышақтап өлтірген. Шуға қыздары оянған, салдарынан ол балаларға да пышақ сұққан. Қазір ер адам ұсталды, қылмыс құралы мен заттай айғақтар тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Жасқайрат Қайыров.

Сотқа дейінгі тергеу екі бап бойынша жүргізіліп жатыр: "екі және одан да көп адамды өлтіру" және "жас балаларды өлтіру". Кінәлі 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жаңалықтар
0