НҰР-СҰЛТАН, 7 шілде – Sputnik. Қазгидромет алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, 8-10 шілде аралығында Каспий теңізінің солтүстігінде қалыптасқан циклон Қазақстанның бүкіл аумағын қамтып, солтүстік-шығысқа қарай ығысады.
"Осыған байланысты батыста, солтүстік-батыс, солтүстік, орталық және шығыста қатты жаңбыр жауады. Найзағай, бұршақ пен екпінді жел қатар жүреді", - дейді синоптиктер.
Батыста ауа температурасы түнде +13+23℃-ге дейін жылынады, ал күндіз плюс 23 - 32℃ болады. Солтүстік пен солтүстік-батыста түнде +10+21℃, күндіз сынап бағанасы +20+28 градусты көрсетеді.
Қазақстанның орталығы мен шығысында түнде +13+23℃, күндіз +25+37℃, ал оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында түнгі температура +18+25°С, күндіз +30+42°С болады.
Мегаполистерде ауа райы қандай болады
Алдағы үш күннің ішінде ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласында ауа температурасы +23+25℃-тан жоғары көтерілмейді. Түнде +13+15℃. Көшпелі бұлт жүреді. Найзағай ойнап, жаңбыр жауады.
Алматыда жауын-шашынсыз, үш күнде де күндіз+36+38℃, түнде +23+25℃-тың маңайында болады.
Ал Шымкент қаласында 8 шілдеде +40+42℃. Жұма күні +36+38℃ шамасында. Көшпелі бұлт жүреді, жауын-шашынсыз.