НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Алина Нұртас Халық қаһарманы, ғарышкер Талғат Мұсабаев қол көтергенін мәлімдеді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, кеше хаски тұқымдас итін далаға алып шыққан. Үй жануарына қарғыбау салған. Бірақ тұмылдырық тақпапты. Оны көрген сенатор Мұсабаев айқайлап, ескерту жасаған. Бас кезінде иттің иесі ғарышкерді көрмегендей болып жүре береді. Сосын дөрекі мінез танытқан ер адамға дөрекі сөзбен жауап қайтарған. Осы кезде танымал ғарышкер оны жұдырықпен иығынан бір ұрған көрінеді.
"Соққыдан қолым жансызданып қалды. Бірден полиция шақырдым. Сол жерде мәселені шешуге кірістік. Бірақ ештеңе дәлелдей алмайтыным белгілі болды. Себебі менің алдымда Талғат Мұсабаев тұр. Оған не айта аламын?", - деп жазды Алина Instagram парақшасында.
Жәбір көрген қыз спорттық киім мен кепке киген ғарышкердің фотосын да жүктеді. Соған қарағанда жанжал Нұр-Сұлтан қаласындағы Триатлон паркінде болған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қалалық полиция басқармасы оқиғаның Триатлон паркінде болғанын растады. Кешкі сағат 17:22-де "102" арнасына ер адамның дөрекі сөйлеп, қызды ұрғаны туралы арыз түскен.
"Оқиға орнына автопатруль барды. Ер адам мен ит иесі арасындағы жанжалға үй жануарын серуендеуге тұмылдырықсыз алып шыққаны себеп болған. Қазіргі кезде тексеріс жүргізіліп жатыр", - дейді полицейлер.
Sputnik Қазақстан тілшісі сенаторға хабарласып көрді. Бірақ танымал ғарышкер телефонын көтерген жоқ.