Өңірлер

Сағынтаев інісін босатуды талап еткен белсендінің не үшін қамалғанын түсіндірді

© Sputnik / Тимур БатыршинПолицейский автомобиль на дороге в Алматы
Полицейский автомобиль на дороге в Алматы - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.06.2021
Жазылу
8 наурыздан бері шеруге шығып жатқандар Қытай консулдығы алдына жиналып, көше бойында топтасып, азаматтық құқық бұзушылықтарға жол беріп жатыр, деді әкім

АЛМАТЫ, 25 маусым – Sputnik. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Қытай консулдығы алдында бейбіт шеру өткізуге неліктен рұқсат берілмей отырғанына қатысты сауалға жауап берді.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында журналист қала әкімінен "Алматы қаласында 140 күннен бері Қазақстан азаматтары Қытайдағы қандас-туыстарын іздеп бейбіт митинг өткізіп жүр. Неге екені белгісіз, бірер ай өткен соң әкімдік тарапынан өте қатаң ескерту, құзырлы органдардан ұстау шаралары қолданылды. Белсенді Күнболат Байболаттың құзырлы орган мекемесінде соққыға жығылғаны туралы ақпарат шығып, кеше жергілікті халық құқық қорғау органы алдына митинг өткізді. Неге ол кісілерге бейбіт наразылық өткізуге рұқсат бермей отырсыздар және олар нақты қандай заңдарды бұзып тұр?" деген сауал қойды.

"Митинг, басқа шеру болсын, былтыр мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша заң қабылданды. Соған сәйкес қалада бейбіт шеру өткізетін үш орын белгіленді. Оның бәрі орталық ауданда орналасқан. Мысалы, Ғылым академиясының алдында ай сайын митинг өтіп жатыр. Заң қабылданғалы 500-дей митинг, пикет өтті. Заңға сәйкес өтініш келіп түссе, әкімдік оған қарсы болып отырған жоқ", - деді Сағынтаев.

Ал қандастарымызға келер болсақ, олар митинг жасаймыз деп ақпанда жазған. Ол заңға сәйкес болмағандықтан ұсынысын қайтардық. Одан кейін басқармаға ондай ұсыныс түскен жоқ, деді қала әкімі.

Әкімнің сөзінше, 8 наурыздан бері шеруге шығып жатқандар Қытай консулдығы алдына жиналып, көше бойында топтасып, азаматтық құқық бұзушылықтарға жол беріп жатыр. Оған қатысты аудандық прокуратура, әкімшілік тарапынан ескертулер айтылған.

Оқи отырыңыз: Митинг өткізгісі келетіндер жаңа заңға бағынуға міндетті – Тоқаев 

"Ескертулер қорытындысы шеңберінде айыппұл салу, Күнболат Байболатты құқық бұзушылық жасағаны үшін 15 күнге қамауға алу туралы шешім қабылданды. Маған оны ұрып-соғып, қорқытып жатқаны туралы ақпарат түспеді. Баспасөз конференциясынан кейін полиция департаментіне ашық ақпарат ұсыну керек екенін хабарлаймын", - деді Сағынтаев.

Күнболат Байболат – Шыңжаңда ұзақ жылға түрмеге қамалған інісінің бостандығын бірнеше жылдан бері сұрап жүрген алматылық белсенді. 22 маусымда Алматы соты оны Қытай консулдығы алдында пикет ұйымдастырғаны үшін 15 тәулікке қамаған.

24 маусымда Медеу ауданы полиция басқармасының алдына бір топ адам жиналды. Олар белсенді Күнболат Байболатты босатуды талап етті.

Жаңалықтар
0