Өңірлер

Қызылорда облысындағы ауданда төтенше жағдай жарияланды

© REUTERS / SHAMIL ZHUMATOVВерблюд за пределами села близ Аральского моря, архивное фото
Верблюд за пределами села близ Аральского моря, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.06.2021
Жазылу
Көкке аузы тимеген төрт түлік көтерем болып, 500-ден астамы арам өлді. Олардан сынама алған мамандар малдың аурудан емес, аштықтан қырылғанын растап отыр

НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Қызылорда облысында 500-ден астам мал арам өлген Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Өңірдегі топырақтың құнарсыздығы, малдың аштықтан қырылғандығы сынама нәтижесімен расталды. Жем-шөп бағасы күннен күнге шарықтап барады. Биыл жем-шөпке мемлекет тарапынан берілетін субсидияға қол жеткізу қиындаған. Бұл шаруалардың жұмысын шатқаяқтатты, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.

"Қазір жоңышқа қымбаттап жатыр. 600-700 теңгеден жоңышқа табылмай отыр. Келесі орым 800 дейді. 3-ші орымда бізге берсе 1000-1100 болады. Аралдың өзінде қазір 1200-1400 теңге болып тұр. Биыл мал қатты ауырып жатыр, өліп жатыр. Қыста біраз шығынға ұшыраған едік. Тағы шығынға батып жатырмыз", - дейді шаруашылық төрағасы Нұрлан Биманов.

Биыл су тапшылығына байланысты шөптің шығымы төмен. Әсіресе Арал өңірінде жағдай қиын. Көкке аузы тимеген төрт түлік көтерем болып, 500-ден астамы арам өлді. Олардан сынама алған мамандар малдың аурудан емес, аштықтан қырылғанын растап отыр.

Картон жеп жатыр: Маңғыстауда түсірілген видео жылдам таралып кетті

"Мал ішетін құдықтардан және қосымша көлдерден сынамалар алынды. Одан бөлек, өлген жылқыдан және мүйізді ірі қарадан сынама алынды. Облыстық ветеренариялық зертханаға тапсырылды. Нәтижесінде теріс нәтиже көрсетті. Яғни эпизотиялық ахуал тұрақты. Ауру жоқ. Қуаңшылыққа байланысты мал қысқа өте күйсіз түскен. Соның есебінен болып отыр", - деп түсіндірді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.

23 маусымнан бастап Арал ауданы бойынша төтенше жағдай жарияланды. Бірақ мамандар мал шығыны өтелмейді дейді. Ал арнайы бөлінген қаржы бірінші кезекте аштықтан теңселген төрт түліктің жем-шөп тасымалына қажетті жанар жағармайға жұмсалмақ. Сондай-ақ жайылымдарда бітелген суаттардың көзін ашу жұмыстары қолға алынады.

Жаңалықтар
0