Өңірлер

Алматыда тоқ соққан әйелді құтқарған жігіт: денесі құрысып қалғанын көрдім

© Photo : Абылай Балапановтың жеке архивіненАбылай Балапанов.
Абылай Балапанов.  - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.06.2021
Жазылу
Алматыда әйел мен екі қызды субұрқақ ішінде тоқ соққан кезде жүрексінбей құтқаруға ұмтылғандардың бірі – 19 жастағы Абылай Балапанов. Ол сол күні оқиғаның қалай болғанын айтып берді

АЛМАТЫ, 21 маусым – Sputnik. Алматыда 19 маусымда субұрқақтардың бірінде екі қыз бен бір ересек адамды тоқ соқты. Оларды құтқарғандардың бірі – алматылық 19 жастағы Абылай Балапанов. Ол Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 2-курс студенті. Отбасымен бірге Алматы облысы Іле ауданында тұрады. Абылай Sputnik Қазақстан тілшісіне сол күні не болғанын айтып берді.

"Орындықта кітап оқып отырған едім. Бір кезде "помогите" деген дауыс шықты, көмекке шақырды. Артыма қарасам, сол маңға он шақты адам жиналып қалыпты. "Не болды?" деп жүгіріп бардым. Барсам, субұрқақтың ішінде адам бетімен жатыр. Екі кішкентай қыз бен бір әйел кісі етбетімен суға жабысып қалған екен", - дейді Абылай.

© Photo : Абылай Балапановтың жеке архивіненАбылай Балапанов
Алматыда тоқ соққан әйелді құтқарған жігіт: денесі құрысып қалғанын көрдім - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.06.2021
Абылай Балапанов
Айтуынша, ол бірінші қыздың анасын судан шығарған. Өзін тоқ соққанына қарамастан екінші рет жасөспірімді шығаруға ұмтылған.

"Анасын қалай құтқарғаным есімде. Суға түстім, бірден аяқтан жамбасқа дейін тоқ ұрды. Бірақ қатты ұрған жоқ. Содан анасының қолынан ұстап, шығарып алдым. Қызын құтқаруға барған кезде тоқ біріншіге қарағанда қатты ұрды. Тоқ ұрды да, суға құлап түстім. Денемді толық тоқ ұрып жатты. Субұрқақ тоқтаған кезде жиегіне барып отырдым. Сол кезде қасыма 40-50 жастағы үлкен аға келді де, "тоқ ұра ма?" деп сұрады. "Иә" дедім. Сол кісі ақырындап суға түсті де қызды аяғынан тартып шығарып алды", - деді Абылай оқиғаның қалай болғаны жайлы.

Абылай тоқ соққан әйелдің қызын құтқарған ер адам туралы ештеңе білмейтінін айтты.

"Екінші қыз есін біліп, жылап тұрды. Ол қыздың қолын тоқ соққан", - деді Абылай.

Жігіттің сөзінше, оларды құтқаруға барған кезде субұрқақтың ішінде тоқ бар екенін білген.

"Субұрқақ қосылған кезде денесі құрысып қалғанын көрдім. Тоқ соғып жатқанын білдім. Сол жерде көмекке шақырған әйел де "тоқ ұрады, байқа" деп айтты. Қорқыныш болды, бірақ ол сол уақытта жоғалып кетті", - дейді ол.

Алайда Абылай өзін ерлік жасадым деп санамайды. Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің өзін марапатқа ұсынғанына қатысты да ештеңе айта алмайтынын жеткізді.

"Ерлік жасадым деп ойламаймын. Менің орнымда басқа біреу болса да, солай істеуші еді. (...) Екі күн өтсе де сол жағдай көз алдыма келеді. Өлім аузынан қалдым ғой деген ой болады", - дейді Абылай Балапанов.

Абылай жағдайының жақсы екенін, сол оқиға болған күні де медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгінбегенін айтты.

"Жағдайым жаман емес. Кеше полиция қызметкерлері де жедел жәрдем көлігіне отырып, тексеріл деді. Мен оның қажеті жоқ екенін айтып, бармадым. Өйткені жағдайым жақсы", - дейді ол.

Субұрқақтағы келеңсіз жағдай

Алматыда сенбіде әйел мен екі қызды субұрқақ ішінде тоқ соқты. Субұрқақ жанында балаларымен бірге отырған Үкілай Бестай есімді алматылық оқиға орнынан кадрларды жариялады. Оның айтуынша, екі қызды электр тогы ұрған. Оларды шығарамын деп барған қыздардың біреуінің анасы да темірге жабысып қалған.

"Мен сияқты суға түсуге көп адамның жүрегі дауаламады. Сол кезде осы Абылай деген жігіт өзін тоқ соғып жатса да, кезек-кезек оларды судан шығарды", - дейді видео авторы.

Оның сөзінше, аман қалған қыздардың бірі Талдықорғаннан келген, анасының құрбысы лагерьден алып 4 баланы қыдыртып жүрген екен.

Кейіннен Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы қыздардың жағдайы жақсы екенін, ал әйелдің жансақтау бөлімінде жатқанын, жағдайының ауыр екенін мәлімдеді.

Жаңалықтар
0