Өңірлер

Түркия Қазақстандағы университетке 20 миллион доллар бөледі

© Sputnik / Асем МиржекееваҚазақстан мен Түркия туы
Қазақстан мен Түркия туы - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.06.2021
Жазылу
Облыс әкімі арнайы шақыртумен келген университет мұғалімдерін баспанамен қамтамасыз етуді ұсынды

АЛМАТЫ, 10 маусым – Sputnik. Түркия Түркістандағы халықаралық қазақ-түрік университетінің дамуына 20 миллион АҚШ долларын бөлмек. Бұл қаражат университетті жаңғырту жұмыстарына жұмсалады, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Университеттің даму жоспарын Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілетті кеңес төрағасы Мухитдин Шимшек талқылады.

Соған сәйкес оқу ордасында түркология, Ясауитану орталықтары ашылатын болды. Әлемдегі үздік оқу орындарынан мамандар тартылады. Жаңа факультеттер ашылып, үш тілде білім беретін мектеп салынады.

Университет емханасы заманауи жабдықтармен қамтылып, мамандардың түркиялық білікті дәрігерлермен тәжірибе алмасуы жүйеге қойылады. Университеттің ботаникалық бағы жөндеуден өтеді.

Облыс әкімінің айтуынша, жанып тұрған жастарды жұмысқа тартып, университет Түркістанмен бірге гүлденіп, дамуы тиіс. Сонымен қатар, оқу орнына берері мол азаматтарды таңдау қажет.

"Ішкі контент пен ұстазға, студентке деген талапты күшейткенде ғана әлемнің дамыған оқу ордаларымен теңдесе алады. Ол үшін студенттерді, мұғалімдерді материалдық тұрғыда қолдау керек", – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев талқылау барысында.

Сондай-ақ облыс әкімі арнайы шақыртумен келген университет мұғалімдерін баспанамен қамтамасыз етуді де ұсынды. Ол үшін ұстаздарға арналған көпқабатты үй – "профессорлар үйі" бөлінуі мүмкін.

Кездесуде университетте ауыл шарушалығы факультеті, зертхана, гидромелиорация саласының мамандарын дайындайтын факультет ашу, оқу орнының жеке спорт кешенін салу мәселесі көтерілді.

Оқи отырыңыз: "Екі күн ішінде табыңдар": Тұрғымбаев университет деканын ұстауды тапсырды

Ал Мухитдин Шимшектің сөзінше, Түркиядан профессор, оқытушы мамандар шақырылады. Университетті дамытуға шамаммен 20 миллион долларды құрайтын қаражат бөлінеді.

Жаңалықтар
0