Өңірлер

Атырау облысында 23 жұмысшы уланып қалды

© Sputnik / Абзал КалиевКапельница
Капельница - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.06.2021
Жазылу
Газ-химиялық кәсіпорын кешеніндегі жаппай улану жағдайына байланысты полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады

НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым – Sputnik. Атырау облысындағы Қарабатанда салынып жатқан газ-химиялық кешендегі "Bazis Construction" ЖШС-нің 23 жұмысшысы асханада түскі астан уланып қалды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

3 маусым күні кешке жұмысшылар №2 облыстық ауруханаға түсе бастаған. 21 адамда тамақтан улану белгілері болған, деп хабарлайды жергілікті "Ақ Жайық" газеті.

Ал келесі күні ауруханаға тағы екі жұмысшы түскен.

"Зардап шеккендердің барлығы да ауруханаға жатқызылды. Уланудың негізгі белгілері өте ұқсас – бас айналу, құсу, әлсіздік және диарея", – делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, түстен кейін жұмысшылар фельдшерлік пунктен көмек сұрай бастаған. Кейіннен олар ауруханаға компанияға тиесілі көліктермен жеткізілген. Алдын ала диагноз – тамақтан улану. Уланғандардың ең кішісі 20, ал ең үлкені 49 жаста.

Алдын ала тексеру жұмысшылардың "Bazis Construction" ЖШС-нің асханасында өзге бір мекеменің тамақтануды ұйымдастыруымен әзірленген астан уланғанын көрсетті.

Мамандар жұмысшылар тамақтанатын асханада технологиялық процестің сақталмайтынын, қосалқы үй-жай қарастырылмағанын, тоңазытқыштарда тауарлардың қашық тұруы ескерілмей, шикізат дайын тағаммен бірге сақталатынын анықтады. Сондай-ақ, ас үй ыдыстары да таңбаланбай басқа мақсаттарда пайдаланылған және тамақ қауіпсіздігін растайтын құжаттар жоқ болып шықты.

Бүгінгі күні асхана жабылып, дезинфекция жүргізілуде.

"Барлық науқастар өздерінің улануын асханада түскі ас ішумен байланыстыруда", – деп толықтырды облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Оқи отырыңыз: Шымкент тұрғындары балмұздақтан жаппай уланды

Полицейлер осы фактінің негізінде Қылмыстық кодекстің 304-бабының 1-бөлігі бойынша (санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормаларды бұзу, адамдардың жаппай улануына әкеп соқтырған жағдай) сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, "Bazis Construction" компаниясы қарамағындағы өзге 300 жұмысшы дәрігерлер бақылауында.

Жаңалықтар
0