АЛМАТЫ, 27 мамыр – Sputnik. Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев әлеуметтік желіде вакцинадан кейін қолы құрысып, ауруханаға түсті делінген қыздың жағдайы туралы айтты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.
Ол бұл жағдайдың тіркелгенін, алайда оның вакцинаға қатысы бар-жоғы әлі анықталмағанын айтты. Себебі ауруханаға түскен қыз вакцинаны 29 сәуірде салдырған.
"Мұндай жағдай болды. Ол біздің мекеменің қызметкері, ол акушер. Перинатология және балалар кардиохирургия орталығына бес ай бұрын жұмысқа орналасқан. Вакцинаны 29 сәуірде салдырған. Құрысу симптоматикасы болып, емханаға жүгінген. Соңғы рет №7 ауруханаға барып қаралған, факт расталды. Оған көмек көрсетіліп, үйіне жіберілді. Мұның вакцинаға қаншалықты қатысы бар екенін анықтау үшін комиссия құрылды", - деді Табынбаев.
Ол сондай-ақ ақпаратты жағдайдың вакцинаға қатысы бар-жоғы анықталған соң тарату қажет екенін айтты.
"Бұл науқасты жедел жәрдем ауруханаға алып кетпегені немесе алып кеткісі келмегені туралы да айтылып жатыр. Алайда науқасты стационарға жеткізуге қатысты нақты көрсеткіштер бар. Ал бұл жағдайда оны ауруханаға апару керек пе, жоқ па деген күмән болған. Жедел медициналық көмектен кейін қыздың ағзасында мұндай симптоматика белгілер болған жоқ, бірақ сақтық шарасы ретінде ауруханаға жеткізілді. Содан кейін үйіне жіберілді, қазір ол медицина қызметкерлерімен байланыста. Меніңше, бұдан кейін асқыну болмайды", - деді Табынбаев.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Оның сөзінше, науқас жұмыс істейтін медицина мекемесінің басшылығы оны вакцина салуға мәжбүрлемеген.
"Ол аурухананың басшылығымен сөйлестік. Бұл жағдайда ешқандай мәжбүрлеу болмаған, келісім болған. Мен мұны дұрыс деп есептеймін. Себебі адам перзентханада жұмыс істейтін болғандықтан дәрігер ретінде менің түсінігімде ол бірінші болып вакцина салдыру керек. Себебі оның кесірінен босанып жатқан әйел мен оның сәбиінің өміріне қауіп төнбеуі керек. Вакцина салдырмағаны үшін оны ешкім жұмыстан шығара алмайды. Еңбек кодексі бар. Сот бар. Алайда сендіру әрі көндіру қажет. Неге оның коронавирусты жұқтыратын топта болғанынан басқа әйел мен бала зардап шегуі керек? ", - деді Табынбаев.
Басқарма басшысы медициналық ұйымда жұмыс істейтін адамның өз қалауы бойынша коронавирусқа қарсы вакцина салдырмауға құқылы екенін айтты. Соған байланысты мекеме қызметкерін вакцина салдыруға көндіреді, егер оған да келіспесе, тұрғындармен бетпе-бет жұмыс істемейтін басқа қызмет орнын таңдау қажет екені түсіндіріледі.
Айта кетейік, Алматыда коронавирусқа қарсы вакцина салдырған 69 адам ауруханаға түскен.
"Вакцинадан кейін болған жағдайларды тіркеп отырмыз. Реакциялар болады. 69 адам ауруханаға жатқызылды. Ол тікелей вакцина алғанға байланысты ма, әлде вакцина алғанша жұқтырды ма – бәрін эпидемиологиялық тексеру көрсетеді. Қазір зерттеу жүріп жатыр. Эпидемиологтар әр жағдайды комиссия ретінде анықтайды", - деді Табынбаев.