Өңірлер

Мектеп қауіпсіздігі көңілден шыға ма: Павлодар облысында білім ошақтары тексерілді

© Sputnik / Абзал КалиевТурникеты в школе, медработник с термометром
Турникеты в школе, медработник с термометром - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.05.2021
Жазылу
Жергілікті полицейлер мектеп аумағында камералардың аздығына алаңдаулы. Өйткені, нысанның сыртқы аумағы бақылаудан тыс қалған

НҰР-СҰЛТАН, 24 мамыр – Sputnik. Павлодар облысындағы орта білім беру нысандарында оқушылар қауіпсіздігін бақылау шаруасы ақсап тұр. Мұндай шикілік ішкі істер органдары жүргізген тексеріс барысында анықталды. Мектептерде бейнебақылау құралының аздығы мен турникеттердің жоқтығы жиі байқалады, деп хабарлайды 24.kz арансы.

Облыс орталығының іргесіндегі Кенжекөл ауылының мектебінде мыңнан астам ұл-қыз оқиды. Олардың қауіпсіздігін қамту мақсатында бейнекамераларды орнату жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізіліп келеді. Өткен жылы 19 камера іске қосылып, жалпы саны 39-ға жеткен. Бірақ бұл аздық етеді дейді мұғалімдер. Мектеп ішінде камера қамтымайтын аумақтар да аз емес.

"Мәселен, мәжіліс залы, спорт зал, дәліздер мен өзге де жерлер қамтылмаған. Дабыл пернесін орнату бойынша күзетуші ұйыммен келісімшарт жасамақпыз. Сонымен қатар турникет орнатамыз", – дейді Кенжекөл орта мектебінің директоры Сандуғаш Ақылжанова.

Тәртіп сақшылары аймақтағы 357 орта мектептің қауіпсіздігі бойынша тексеріс актісін жасады. Нәтиже көңіл көншітпейді. Павлодар қаласындағы 53 мектеп тексеріліп, бейнекамерамен қамтылмаған 39 орын белгілі болды.

"Бірінші кезекте физикалық мамандандырылған күзет қызметі болуы керек. Яғни, күзетші мектептегі қауіпсіздікті бақылауы тиіс. Ал аймақтағы мектептердің көбінде бұл қызметті вахтер немесе өзге мамандар атқарады. Олардың тәжірибелері де болмауы мүмкін. Сонымен қатар нысандарға жататын аумақтар қоршалуы қажет", – дейді жергілікті полиция бөлімінің басшысы Арман Қаптаев.

Мақпалеев атындағы орта мектепте күзет компаниясымен келісімшарт жасалып, бақылау камерасы орнатылды. Енді мұнда оқыс оқиға кезінде әрекет ету бойынша жаттығулар апта сайын жүргізіледі. Сонымен қатар ғимараттағы апаттық шығу жолдарының жағдайы тексерілуде. Солай десек те, мекеме басшылығы камералардың аздығына алаңдаулы. Себебі нысанның сыртқы аумағы тасада қалған.

Оқи отырыңыз: "Әділдік үшін өзгертіп жатырмыз": Аймағамбетов биылғы жаңашылдықтар туралы айтты

Ал арна тілшілерінің айтуынша, 1 200-ден астам бала оқитын орта білім беру мектебінің сыртқы бөлігінде 16 бейнебақылау камерасы орнатылған. Алдағы уақытта балалардың қаупісіздігін қамту мақсатында олардың қатары тағы 70 камерамен толығатын болады.

Осылайша, білім ошағының кез келген бұрышы қатаң бақылауға алынады. Олардың қатарында стадион да бар. Мектеп аумағындағы бір гектарлық жер қоршалмаған. Оған қоса жарық та жоқ. Мамандар бұған да алаңдаулы. Себебі, саябақ аумағында тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар мен мастар жиналуы мүмкін. Мұғалімдер де оқушылар үшін қорқады.

"Стадион аумағы мен балалардың ойын алаңы аумағы камерамен қамтылмаған. Алдағы уақытта адамның бет-әлпетін анық көрсететін құралдарды орнатамыз. Бүгінде қолданыстағы 32 камерамыз жедел басқару жүйесіне қосылған", – дейді Мақпалеев атындағы орта мектеп директоры Жанна Байғозинова.

Тексеріс қорытындысы бойынша тәртіп сақшылары олқылықтарды жоюға бір ай уақыт берді. Сонымен қатар полиция департаменті балалар қауіпсіздігі бойынша облыс әкіміне тиісті шараларды қолға алу жөнінде хат жолдады.

Жаңалықтар
0