Өңірлер

"Жаман ойымыз жоқ": Ақтауда баспанасын 7 жыл күткен үлескерлер шу шығарды

© Sputnik / Александр Вильф / Медиабанкке өтуБашенный кран, архивное фото
Башенный кран, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.05.2021
Жазылу
Наразы топтың алдына шыққан құрылыс компаниясының басшысы проблеманың барын жасырмайды. Тіпті, даулы құрылысты аяқтауға келіскеніне енді өздері де өкінетін көрінеді

НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр – Sputnik. Ақтауда 7 жыл бойы баспана күткен үлескерлер шу көтерді. Олар салынып бітпеген үйінің ипотекалық несиесін де төлеп тастаған. Бірақ әлі күнге бөтеннің босағасын сағалап жүр, деп хабарлайды КТК арнасы.

Шыдамы таусылған тұрғындар қала әкімдігінің алдына жиналып, жыр болған баспананың құрылысын билік бақылауына алсын деп талап қойды.

"Атамекен" тұрғын үй кешенінен үлескерлері осыдан жеті жыл бұрын ипотекамен пәтерлер алған. Биыл олардың барлығы несиесін толық төлеп болыпты. Алайда төрт жыл бұрын ақ қоныс тойын тойлауы тиіс тұрғындар әлі тентіреп жүр.

"2018 жылы тамыздан бастап осыған ақша салдым, 2019 жылы тамызда соны төлеп бітірдім. Содан бері күнде шегерумен осы кезге дейін істемей келе жатыр. Мысалы, кейбіреулері алты жылдан бері ақшасын салып, үйін ала алмай отыр. Бұл не масқара. Бақандай алты жыл", – дейді Ақтау қаласының тұрғыны Бақытқали Жақсығатов.

Оқи отырыңыз: "Дуа жасайтынын айтты": Ақтау тұрғыны пәтерінде күркетауық өсіреді– видео

Үй құрылысын бастаған бірінші компания басшысы қаржы алаяқтығын жасап сотталып кеткен. Одан кейін басқа компания жалғастырыпты. Тұрғындар қаражатымызды дәл осы компания иемденді дейді. Алайда ол қаражат "аздық етті" деген құрылыс компаниясы тұрғындардан автотұрақ орнына тағы 2 миллионнан талап еткен.

"Үйдің астында паркинг салған бұлар сол паркингті өз еріктеріңізбен, керек болса аласыз, керек болмаса, алмай ақ қоясыз деген. Енді келіп мәжбүрлі түрде сатып алыңыздар паркингті, сол ақшаңызға үйді салып бітіруге тырысамыз деп, бізге хат жазып отыр. Ондай екі милион теңге тұратын паркингті сатып алуға екінің бірінің қаражаты жетпейді. Себебі, жұрт бар ақшасын осы үйге құйды", – деді тағы бір тұрғын Марал Аманғалиева.

Бітпейтін сылтау мен құрғақ уәдеге тойған тұрғындар әкімдіктің алдына жиналды. Олар билік біздің мәселеге назар аударса дейді. Наразы топтың алдына шыққан құрылыс компаниясының басшысы проблеманың барын жасырмайды. Тіпті, даулы құрылысты аяқтауға келіскеніне енді өздері де өкінеді екен.

"Біздің алдап кетеміз деген жаман ойымыз жоқ. Бірақ бұл құрылыс біздің имиджімізді құртып бітті. Біз тұрғындарға паркингте орын сатып алу ұсынысын жасадық. Ол сіздердің меншік болады деп түсіндіріп жатырмыз. Үйді салып бітуге қаражат табуымыз керек", – дейді "Багис" ЖШС директоры Бақыт Ізжанова.

Құрылысты аяқтауға әлі 100 миллион теңге қажет. Алайда қолымызда мұндай қаражат жоқ дейді құрылысшылар. Өйткені істі болған бірінші компания басшысы үлескерлер жинап берген 200 миллион теңгені жоқ қылыпты. Сондықтан енді құрылыс компаниясы инвестор іздеуден басқа амал жоқ деп отыр.

Жаңалықтар
0