Өңірлер

Түркістандағы қонақ үй дауы: қала әкімі прокуратура шағымымен келіспейтінін мәлімдеді

© Photo : Пресс-служба акима Туркестанской областиТуркестан, виды города
Туркестан, виды города  - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.05.2021
Жазылу
Бұған дейін қалалық прокуратура қонақ үй ғимаратын жекешелендіру кезінде заңсыздық болғанын айтып, әкімінің қаулысы негізсіз деп сотқа арыз түсірген

АЛМАТЫ, 19 мамыр – Sputnik. Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов қала әкімдігінің ғимараты нарықтағы құнынан әлдеқайда арзанға сатылып кеткен деген ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қала әкімінің айтуынша, қалада саммит кезінде қонақ үйлерді көбейту туралы мәселе туындаған. Бастапқыда қаладағы "Евразия" қонақ үйіне және басқа жерлерге туристерді орналастыру ұсынылған. Алайда шешім өзгеріп, ғимарат аукцион арқылы сатылады деп шешілген.

Ал сатылымға шығарылған ғимарат бағасын әкімдік бекітпейді. Өйткені, ғимараттың бағасын шығару әкімдіктің құқығы емес, арнайы мекеменің құзырында көрінеді.

"Соның негізінде ғимарат бағасын шығарылды. Оның үстіне ғимаратқа 2018 жылы 257 миллион теңге жұмсалып жөндеу жүргізілген. Оның бәрі есептеліп, қаржы министрлігіне қарасты веб-порталға енгізілген. Демек, бұл жердегі сатып алушыны да, сатып алуға қатысушыны да, оның бағасын да әкімдік қадағаламайды. Тек, сол портал арқылы нарықтық жүйемен іске асады", – деп мәлімдеді қала әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған видеода.

Ал Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс әкімі 2019 жылы ғимаратты қалаға келетін туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қонақ үйге айналдыруды тапсырған. Осы мақсатта әкімдік ғимараты электрондық сауда алаңына шығарды. Сауда-саттық алдымен бағаны көтеру әдісі бойынша іске асқан. Алайда ешкім сатып алуға ниет білдірмеді. Сол себепті бағаны түсіру әдісі бойынша аукцион өтті.

Қала әкімінің сөзінше, аукцион басталған кезде порталға кімнің тіркеліп жатқаны көрінбейді. Сатып алушы бағаны төмендету батырмасын басу арқылы сатып алған.

"Солай десек те, ұсынылған бағадан бір тиын да төмен түскен жоқ. Сондықтан прокуратураның айтқанына келіспейміз. Бірінші келісімшартты бұзу туралы шешім шыққанымен, біз әрі қарай апелляциялық сотқа шағым жаздық. Яғни, әрі қарай соттасамыз. Өйткені ғимаратқа қызыққан бір адам оны сатып алмады деп өзге сатып алушының артынан қудалаудың қажеті жоқ деп ойлаймын", – деді қала әкімі.

Айта кетейік, ғимарат 313 миллион теңгеге сатылды. Нысанды электрондық сауда-саттық арқылы 74 жастағы көкшетаулық азамат сатып алған.

Ал қалалық прокуратура ғимаратты жекешелендіру кезінде заңсыздық болған дейді. Олар қала әкімінің қаулысы негізсіз деп экономикалық сотқа талап арыз түсірген. Кейін сот шешімімен қаулының күші жойылды. Ал әкімдік ғимараты мемлекет меншігіне қайтарылатын болды. Алайда бұл шешіммен ғимаратты сатып алған көкшетаулық зейнеткер келіспей отыр.

Оқи отырыңыз: "Депутат менсінбейді, әкімдік тыңдамайды": Түркістан облысында ауыл тұрғындары шу шығарды

Нысанды сатып алған Құлбибі Бектасова сатып алу кезінде заңсыздық болмағанын, шешімді аппеляцияға беретінін айтты. Зейнеткер қажет болса жоғарғы сотқа жүгінбек.

Жаңалықтар
0