Өңірлер

Павлодар облысында ер адамды қағып өлтіріп, қашып кеткен жүргізуші ұсталды

© Sputnik / Владислав ВодневПолицейское авто и автомобиль скорой помощи, иллюстративное фото
Полицейское авто и автомобиль скорой помощи, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.05.2021
Жазылу
Ұсталған ауыл тұрғыны қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша жауап береді

НҰР-СҰЛТАН, 17 мамыр - Sputnik. Павлодарлық тәртіп сақшылары тас жолда ер адамды қағып, апат орнынан қашып кеткен жүргізушіні ұстады. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

15 мамыр күні сағат 22.30-да Омбы-Майқапшағай тас жолының оныншы шақырымында ВАЗ 2108 автокөлігінің жүргізушісі 51 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Зардап шеккен ер адам оқиға орнында алған жарақаттары салдарынан көз жұмды.

Жүргізуші жол-көлік оқиғасы болған жерден қашып кетті. "Ұстау" операциясы жарияланып, оқиға болған орыннан одорологиялық із алынды, мамандардың сипаттамасына сәйкес келетін барлық көлік құралы тексерілді.

"16 мамыр күні полиция қызметкерлері күдікті жүргізушіні ұстады. Ол Павлодар ауданындағы ауылдың 30 жастағы тұрғыны болып шықты. Сараптама оның ішімдік ішкенін көрсетті", - деді Павлодар облысы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Полиция бұл факт бойынша жүргізушіге қатысты 345-баптың 3-бөлігі бойынша (көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) және 347-баптың 1-бөлігі (осы Кодекстің 345, 346-баптарында көзделген ауыр зардаптар туындаған жағдайда, көлiк құралын басқаратын және жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзған адамның жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалуы) бойынша қылмыстық іс қозғады. Бірінші бап бойынша - бес жылға дейінгі мерзімге, екінші бап бойынша – екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Оқи отырыңыз: Батыс Қазақстанда екі адам қаза тауып, 39 жылқы қырылып қалды – видео

Бұл жол апатынан басқа, демалыс күндері Павлодар облысында тағы екі жол-көлік оқиғасы тіркелді, нәтижесінде екі жаяу жүргінші түрлі дене жарақаттарын алды.

Жаңалықтар
0