21:46 19 Маусым 2021
Тікелей эфир
  • USD427.82
  • EUR509.75
  • RUB5.93
Өңірлер
Қысқа сілтеме алу
Қордайдағы қақтығыс (73)
118 0 0

Жаппай тәртіпсіздікке қатысқан, алайда кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінгені және залалды өтегені үшін 31 адамға шартты түрде немесе бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалды

АЛМАТЫ, 27 сәуір – Sputnik. Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Сот шешімін Жамбыл облысы бойынша соттар әкімшісінің басшысы Берік Құлтасов оқып берді.

Жамбыл облысының Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздік ісі бойынша кезекті сот процесі 2020 жылдың желтоқсанында Тараз қаласында басталды.

Сот 50 адамды кінәлі деп таныды, бір адамның кінәсі дәлелденбеуіне байланысты ақталды. Оның ішінде жаппай тәртіпсіздік кезінде адамдардың өліміне әкеп соққан ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны, қару қолданып, тонау мен қарақшылық шабуыл жасағаны үшін 19 адамға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

"Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің жауабы, медициналық, биологиялық, генетикалық, өрт техникалық сараптама қорытындысымен, бақылау камераларының бейнежазбаларымен, жасырын тергеу әрекеттерінің қорытындысы бойынша толық дәлелденген", – деді Берік Құлтасов.

Жаппай тәртіпсіздікке қатысқан, алайда кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінгені және залалды өтегені үшін 31 адамға шартты түрде немесе бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалды.

Сотталушыларға қандай айып тағылды

Сотталушы Ботабасов адамдар тобына мылтықпен дәлдеп оқ атуы салдарынан 3 адам қаза тауып, 4 жәбірленуші зардап шеккен. Ол жаппай тәртіпсіздікке қатысып, 3 адамның өліміне, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тоқабаев қасақана автокөлікпен бір топ адамды басқан. Салдарынан бір адам қайтыс болып, 3 жәбірленуші әртүрлі дене жарақатын алды. Ол 17 жылға сотталды.

Сондай-ақ сотталушы Кәрібаев автокөлікпен қасақана адам басқан. Ал жәбірленуші оқиға орнында қайтыс болған. Ол 16 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Сол сияқты сотталушы Солтанаев та мылтықпен дәлдеп бір топ адамға оқ атып, мерт қылғаны үшін оған 17 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

"Сотталушы Сангуй жәбірленушінің кеуде тұсынан айырмен бірнеше рет ұрып, ал Чешонло басынан темір таяқшамен соққан. Кимуров пен Хижин есімді ағайындылар қолмен ұрып, аяқпен тепкілеген. Сараптама нәтижесі осындай соққының әсерінен қайтыс болғанын көрсетті. Сангуй мен Чешонло әрқайсысы 16 жыл 6 айға айдан арқалады. Ал Кимуров пен Хижиндер адам өлтіру айыбынан ақталып, жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін сотталды", – делінген сот үкімінде.

Дауров есімді сотталушы тәртіпсіздікті тоқтатпақ болған полиция қызметкерлеріне мылтықпен оқ атқан. Салдарынан төрт полиция қызметкері жарақат алды. Осылайша жаппай тәртіпсіздікке қатысып, полиция қызметкерінің өміріне қолсұғушылық жасағаны үшін Дауров 16 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Тағы бір адам атыс қаруын пайдаланып, жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны, кісі өлтіруге жәрдемдескені үшін 15 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бір күдікті жаппай тәртіпсіздік пен тонау, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы мен ірі көлемдегі қарақшылық шабуыл жасап, суық қарумен заңсыз әрекетке қатысқаны үшін 11 жылға сотталды.

Ірі көлемде қарақшылық жасағаны үшін тағы бір адам 7 жылға сотталды. Сол сияқты жаппай тәртіпсіздікке шақырып және оған қатысқаны үшін және бөтеннің мүлкін өртеп, тұрғын үйлерді тонағаны үшін 9 адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тап осындай баппен 31 адам жауапкершілікке тартылып, 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Олардың қатарында тағайындалған жаза шартты деп есептеліп, бас бостандығын шектеу түрінде жаза алғандары да бар. Атап айтқанда, 24 адам – шартты түрде бас бостандығынан айырылса, 7 адамға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін де бірнеше адамға үкім шыққан

2020 жылдың қыркүйегінде Алматы горнизонының әскери сотында Қордайдағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан бірнеше адамға қатысты үкім шықты. Айыпталушы әскери қызметкер болғандықтан, қылмыстық іс әскери сотта қаралды. Жауапқа жеті адам тартылды. Олар: Ерлан Бұралқынов; Алмат Тілеуғалиев; Ұлан Атанбаев (әскери қызметші); Абзал Нұраханов; Мырзағали Дүйсенбаев; Рүстем Бежібаев; Бақытбек Ибрагимов.

Сот үкіміне сәйкес, Ерлан Бұралқынов, Алмат Тілеуғалиев пен Ұлан Атанбаев үш жылға бас бостандығынан айырылды. Рүстем Бежібаев төрт жылға, Мырзағали Дүйсенбаев бес жылға сотталды. Бесеуі де жазасын қауіпсіздігі орташа дәрежедегі мекемеде өтейді.

Оқи отырыңыз: Тоқаев билік қандай кемшілік жібергенін айтты

Ал сот Абзал Нұрахановқа 8 жыл берсе, Бақытбек Ибрагимовті 7 жылға бас бостандығынан айырды. Алғашқысы жазасын қауіпсіздігі аса жоғары мекемеде, екіншісі қауіпсіздігі максималды колонияда өтейді.

Қордайда не болған еді

Жамбыл облысының Қордай ауданында 2020 жылы 7 ақпанға қараған түні жаппай төбелес болды. Оқиға салдарынан он бір адам көз жұмды.

Сондай-ақ бірнеше тұрғын үй мен коммерциялық нысандар және автокөліктер бүлініп, отқа оранды.

Тақырып:
Қордайдағы қақтығыс (73)

Тақырып бойынша

Сапарбаев Қордайдағы оқиғадан кейін мектеп директорларына шүйлікті
Қордайдағы қақтығыс: 59 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Қордайдағы тәртіпсіздік: сотталған төрт адам бостандыққа шығатын болды
Дүнгендер қазақ тілін оқып жатыр: Қордайдың бүгінгі тыныс-тіршілігі — видео
Қордай оқиғасына бір жыл: қазақ пен дүнген қоныстанған ауылдар қалай татуласты
Кілт сөздер:
жаппай төбелес, Жамбыл облысы
Загрузка...

Басты тақырып