НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір — Sputnik. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов коронавирусқа қарсы вакцина салдырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Бүгін "Геолог емханасына" барып, коронавирусқа қарсы вакцина алдым. Дәрігерлеріміз алдымен тіркеуден өткізіп, дене қызуым мен қан қысымымды өлшеуден бастап толық медициналық тексеру жасады. Одан кейін ғана Қарағанды фармацевтика зауытында шығарылған "Спутник-V" вакцинасын салдырттым", - деп жазды Досмұхамбетов Facebook парақшасында
Әкім вакцинадан кейін жарты сағат арнайы бөлмеде мамандардың бақылауында отырды.
"Қазір жағдайым жақсы, ешқандай жанама әсерлері байқалған жоқ. Мамандар екпе салынған жерге су тигізбей, жылы ұстап, күтініп әрі сақтық шараларын ұстанып жүруге кеңес берді", - деп атап өтті Досмұхамбетов.
Осы орайда облыс басшысы вакцина алу арқылы ғана ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, қауіпті індеттен толығымен құтылуға болатынын жеткізді.
"Қазір өңіріміз қызыл аймақта тұр. Сақтық талаптарын сақтай отырып, сіздерді де вакцина алуға шақырамын. Қауіпті індетпен күресіп әрі вакцинациялау жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатқан медицина қызметкерлерінің барлығына алғысымды білдіремін", - деді әкімі.
Алексей Цой отандық вакцинаны тікелей эфирде салдырды
Айта кетейік, 1 ақпанда республика бойынша ресейлік "Спутник V" вакцинасын ерікті түрде егу шаралары басталды. Ал бүгіннен бастап қазақстандық "QazVac" (бұрынғы атауы – QazCovid-in) екпесі денсаулық сақтау ұйымдарына түсті. Алексей Цой отандық вакцинаны алғашқылардың бірі болып салдырды.