Өңірлер

Қостанайда 44 адамның атынан кредит алған алаяқ ұсталды

© Photo : UnsplashНоутбук пен смартфон
Ноутбук пен смартфон - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.04.2021
Жазылу
Қазіргі кезде уақытша ұстау изоляторына қамалған күдіктінің келтірген материалдық шығын көлемі 1,5 миллион теңгені құрап отыр

НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Өткен жылдың ақпан-маусым айы аралығында 44 адамның атынан онлайн кредит алған Қостанай қаласының 27 жастағы тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Жас жігіт алаяқтық жолмен азаматтардың атынан 30 мыңнан 50 мың теңгеге дейінгі аралықта кредит алып отырған. Сөйтіп, келтірілген материалдық шығын көлемі 1,5 миллион теңгені құрады.

Күдікті адам бастапқыда түрлі сылтаумен таныстарынан жеке куәлігінің көшірмесін сұраған. Сондай-ақ, "ВКонтакте" әлеуметтік желісінен қосымша  жеке деректер тауып, OLX сайтында жұмысқа орналасу туралы жарнама берген. Ол үшін әрине "үміткерлерден" фотосурет пен өзге де деректерді талап еткен.

Адамдардың жеке мәліметтерін осылайша қолға түсірген алаяқ үздіксіз онлайн кредитке өтінім тапсырып отырған. Мысалы, Қарағанды ​​қаласының тұрғыны 2020 жылдың тамызында жүргізуші болып жұмысқа орналасу үшін өзінің жеке деректерін әлгі "жұмыс берушіге" мессенджер арқылы жіберген.

"Бәрібір де жұмысқа орналаспадым. Бірақ алты айдан кейін менің атыма белгісіз тәсілмен онлайн кредит берілгенін білдім. Қарыз сомасы 50 мың теңгені құрайды", – дейді алданғандардың бірі.

Ал полицейлердің хабарлауынша, зардап шеккендердің бірі алаяқтың жақын туысы болып шыққан. Сонымен қатар, олардың көбісі микрокредиттік компания өкілдерінің қарызды қайтару туралы өтінішінен кейін ғана білген.

Осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 3-бөлімі, 190-бабы (алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Оқи отырыңыз: Сотталған алаяқ түрмеде отырып-ақ 500 адамды арбауына түсірген

Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Жаңалықтар
0