Өңірлер

Кәсіпкерлер бас санитар дәрігерді сотқа берді

© Sputnik / Айсулу ЖумагуловаСот кабинеті, архивтегі сурет
Сот кабинеті, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.04.2021
Жазылу
Кәсіпкерлер бас санитар дәрігер қол қойған қаулының күшін жоюды заң жүзінде сұраудан басқа амал қалмағанын айтады

НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. Қарағандылық кәсіпкерлер өңірдің бас санитар дәрігерін сотқа беріп, шектеу шараларын күшейту туралы бұйрықты заңсыз деп тануды талап етті, деп хабарлайды KТК арнасы. 

Бизнесмендердің айтуынша, шектеу шаралары азаматтардың конституциялық құқығын бұзып отыр. Елдің жүріп-тұруы мен еркін еңбек етуі қиындап кеткен.

Карантин балалардың білім алуына да кедергі болып отыр. Ал денсаулық сақтау саласындағы шенеуніктердің жұмысы мардымсыз. Қауіпті кесел жұқтырғандар саны артпаса, азаймай тұр. Шектеу шараларын бұзғандарға айыппұл салу жұмыссыз қалған жұртқа жығылғанның үстіне жұдырық болып отыр.

Осыған әбден ашынған кәсіпкерлер бас санитар дәрігердің қаулысының күшін жоюды заң жүзінде сұраудан басқа амалымыз жоқ дейді.

Бірақ сотта жеңетініне өздері де сенбейді. 

"Шенеуніктер бір жыл ішінде вирустың көзін жоюдың тәсілін таба алмады. Есесіне, бәрін тұралатып тастады. Қашанғы қамалып отыра береміз? Шет елдердегі жағдайларға қарап біз де соны істейміз. Одан да шет мемлекеттермен шекараны жапсын да, ел ішіндегі індетті жойсын", – дейді заңгер Ирина Фурсова.

Оның пікірінше, қазір бизнеске кедергі болуды емес, елдің әлсіреген экономикасын құтқаруды ойлау керек деп санайды.

Жаңалықтар
0