Өңірлер

Алматы облысында қолдан жасалған көлшікте 8 жасар бала мерт болды

© Photo : ДЧС Кызылординской областиӨзен жағалауы
Өзен жағалауы - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.04.2021
Жазылу
Тереңдігі екі жарым метр болатын судан оны тұрғындар әрең алып шыққан. Ал заңға сәйкес ол жерге ешқандай көл жасауға болмайды

НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір – Sputnik. Алматы облысында кәсіпкер бүтін бір ауылда білгенін істеп жүр. Талайдан бері мал жайып келген аумақты меншігіне алған ол моланы да қазып тастаған дейді Ұлан ауылының тұрғындары. Енді сол шұңқырлардан адам сүйектері шығып жатыр.

КТК арнасының хабарлауынша, шаруа қожалығыма қажет деп қазып тастаған көлшіктердің біріне өткен аптада бір бала батып кеткен. Ең сорақысы, оның қолдан тоған жасауына еш рұқсаты да болмаған.   

Ұлан ауылының қақ ортасындағы сайда жұрт талайдан бері малын жайып келеді. Балалар да осында ойнайды. Ауыл тұрғындары Наурыз мерекесін де осы жерде өткізіп келген екен. Енді аумақтың иесі пайда болып, бұдан былай мұнда ешкімді кіргізбейтінін мәлімдепті.

Жеке кәсіпкер 24 гектардан астам жерді жеті жыл бұрын сатып алған екен. Ал былтыр күзде мұндағы жерді қазып жасанды көлшік жасаған. Ат шаптырым жерді меншігіне алған адам мұнда дәл осындай бес көлшік қазатынын айтыпты. Онда балық шаруашылығымен айналыспақшы. Ал аумақтың тағы бір шетінде түйеқұс өсіруді жоспарлап қойыпты.

Өткен бейсенбіде суға сегіз жасар ойын баласы батып кеткен. Тереңдігі екі жарым метр болатын көлшіктен оны тұрғындар әрең алып шыққан.

"Тереңдігі екі жарым метрдей. Сол судың астынан баланы алып шықты. Бұл жерде енді бала болғаннан кейін, ойнайды да", – дейді Ұлан ауылының тұрғыны Бейбіт Шаңтимесов.

Аумақта кәсібін дөңгелетіп, пайдаға кенелмек болған адамға қайғылы жағдай да тосқауыл болмай тұр. Ол сайдағы ата-бабалардың ескі зиратын да пысқырмаған. Енді қазылған шұңқырлардан адам сүйектері шығып жатыр.

"Ол кісі бірінші қазған жерден адам сүйегі шыққаннан кейін, тастай салған. Тіпті, қайта көмбеген де", – дейді ауыл тұрғыны Төлеухан Әбілханов.  

Кәсіпкер жазда бақша суаратын суымызға да зиянын тигізіп отыр дейді жұрт. Сондықтан, бұл жерді халық игілігіне қайтаруды сұрайды.

Белгілі болғандай, таласқа түскен жер жекенің қолына 2006 жылы берілген. Ал қазіргі иесі оны 2014 жылы өз қызынан сатып алған. Қазір жер теліміне қатысты мұрағаттағы құжаттар көтеріліп, мән-жай анықталып жатыр дейді жауаптылар.

"Біз Қарасай ауданының атынан жерді қадағалау-бақылау басқармасына, өз тараптарынан тиісті заңға сәйкес іс-шара жасауына хат жолдадық. Бұл жерге ешқандай көл жасауға болмайды. Алдымен рұқсат қағазын алу керек. Ол кісіде рұқсат жоқ. Ол кісінің атына 10 күн ішінде жерде қалпына келтіремін деп акт жасалды", – дейді Қарасай ауданы жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының бас инспекторы Кенжемұрат Қасенов.

Оқи отырыңыз: Байқоңырда жүздеген адам жоғалған баланы іздеп жатыр

Алайда қазылған су сол күйі тұр. Соған қарамастан аумақтың халыққа қайтарылуы екіталай дейді мамандар.

Қазіргі кезде 8 жасар баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалар тағайындалған.

Жаңалықтар
0