Өңірлер

Жандарбек Бекшин Алматыдағы эпидемиологиялық жағдайға баға берді

© Sputnik / Тимур БатыршинВид на входную группу гостиницы "Алматы"
Вид на входную группу гостиницы Алматы - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.03.2021
Жазылу
Өткен аптада жиналған сынамалардан өзгеріс табылды. Қалада екі зертхана зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бірінен британиялық және оңтүстікафрикалық штамм табылды

АЛМАТЫ, 30 наурыз – Sputnik. Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың күрделі екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазір қала коронавирустың таралуы бойынша "қызыл" аймақта тұр. Өршудің ең бірінші себебі – қалада таралып жатқан мутациядан өткен штаммдар. Өткен аптада жиналған сынамалардан өзгеріс табылды. Қалада екі зертхана зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бірінен британиялық штамм мен оңтүстікафрикалық штамм табылды. Соған байланысты арнайы күшейтілген шектеу шараларын қабылдадық", - деді Жандарбек Бекшин.

Оқи отырыңыз: Қазақстан "қызыл" аймаққа кірді 

Ал Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев үй жағдайында емделіп жатқан науқастар жайлы айтты.

Қалада 5 мың инфекциялық төсек-орын жасақталған. Оның ішінде 2 696 адам емделіп жатыр. Ішінде 108 бала бар. Науқастар арасында 32 адам аса ауыр жағдайда, 302 науқас ауыр жағдайда, 2 362 науқас орташа деңгейде жатыр.

Реанимация бөлімінде 135 науқас бар.

"Қазір 3 369 адам үй жағдайында емделіп жатыр. Ішінде 992 адам симптомсыз, қалғаны жеңіл түрде ауырып жатыр. Оларды телемедицина орталығы мен жергілікті емхана дәрігерлері бақылап отыр. Телефон арқылы, видео арқылы жағдайын біліп тұрады. Жағдайына байланысты жергілікті емханаға хабарласады. Одан кейін мобильді топ барады. Қажет болса, ауруханаға жеткізеді", - деді Нариман Табынбаев.

Үйде емделуге мүмкіндігі жоқ азаматтарға шипажай немесе ауруханаға жатқызуға жағдай жасалған.

"Үйдегі науқастың жанында болатын адамдарға қауіп төнеді. Сондықтан барынша бөлектену керек. Егер бір-біріне жұқтырған болса, жағдайына байланысты мамандар жағдайы ауыр адамды ауруханаға әкетіп, жағдайы тұрақты науқасты үйде емделуге қалдырады. Бір отбасыда 3-4 адам ауырып жатса, мүмкіндігінше баласымен бірге анасын бір ауруханаға жатқызуға шешім қабылдап жатырмыз", - дейді Табынбаев.

Бір үйдің екі адамы бір уақытта инфекция жұқтырса, ауруханада да бір бөлмеге жатқызылады.  

Мектептер онлайн форматқа көшті

Қаланың бас санитар дәрігерінің айтуынша, биыл былтырмен салыстырғанда ауру жұқтырған балалардың саны бірнеше есе артқан.

"Мутациядан өткен штаммдардың ерекшелігі балаларға да әсерін тигізіп жатыр. Былтыр жарты жылда 280 бала ауырып шықты, биыл 3 айда  1 468 бала ауырды. Балалардың саны көбеюіне байланысты қатаң шаралар енгіздік. Барлық мектепті онлайн форматқа көшірдік. Тек кезекші сыныптар қалды. Оқушылар саны 15-тен аспайды. Бұл – 1-5 сыныптар және халықаралық деңгейдегі мектептердегі 1-7 сынып оқушылары. Биыл мектепті бітіретін 9,11-сыныптарда кезекші сыныптар іске қосылды. Оларда да бала саны 15-тен аспайды", - деді Жандарбек Бекшин.

Бұл шектеулер мемлекеттік мектептерге ғана емес, жеке меншік мектептерге де қатысты.

Алматыда карантин күшейтілді

Жандарбек Бекшин қол қойған жаңа қаулыға сәйкес, эпидеомиологиялық жағдай ушыққан кезде де Ashyq қосымшасына қосылған мекемелердің жұмысы жалғаса береді.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары, "Қазпошта" бөлімдерінің жұмыс уақытына шектеу қойылмаған. Алдын ала жазылу бойынша қабылдайды.

Дәмхана, мейрамханалардың жазғы ашық алаңдары ғана жұмыс істейді, тек жартылай толуы керек. Үстелдер арақашықтығы екі метрден кем емес.

Студенттер оқу жылының соңына дейін қашықтан оқиды, жатақханада тұрмайды.

Мектеп оқушылары да негізінен қашықтан білім алады.

Жаңалықтар
0