НҰР-СҰЛТАН, 26 наурыз – Sputnik. Түркістан қаласында әлемде теңдесі жоқ "ұшатын" театр ашылады. Ерекше мәдени нысан Самұрық құстың алып жұмыртқасы формасында салынады, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ұшатын театр Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында орналасқан "Керуен сарай" туристік кешенінде бой көтереді.
Қаладағы құрылыс алаңдарын аралаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев демалыс орталығын ашуға дайындық барысымен танысты.
"Жоба авторларының айтуынша, қиял-ғажайып орталық Самұрық құстың жұмыртқасы аңызына негізделген. Киелі Самұрық құс Бәйтеректің бұтағындағы ұясына келіп, күн бейнелі алтын жұмыртқа салады. Дәл осы алтын түсті алып жұмыртқа келбетіндегі ерекше театрда Бәйтерегіміз сияқты сиқырлы ертегілер еліне, қазақ халқының тарихына жаңа технологиялардың көмегімен, 8 D форматта әсерлі саяхат жасауға болады", - делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің ақпаратынша, театр-музейде Қазақстанның өткені, бүгіні мен келешегі көрсетіледі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Облыс әкімдігі шығыс үлгісінде салынған кешен қала қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналатынына сенімді.
Бұдан бөлек, Түркістан қаласының әкімшілік іскерлік орталығы аумағында әкімшілік ғимараттар мен көпқабатты 24 үйдің қасбеттерін бір үлгіде жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Қаладағы ғимараттардың айналасы көгалдандырылып, жарықтандырылып жатыр.
Қаланың басты көшелеріне түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, Ясауи кесенесінің алдында ерекше жарық шамдар орнатылды. Минскіден арнайы алдырылған ағаш кейпіндегі бақша жарық шамдары түнде айналаны сан алуан түске бөлесе, күндіз салқын су шашып, аптап ыстықтан қорғайды.
Шөкеев жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын бақылап, жауапты тұлғаларға нақты тапсырма жүктеді.
Бұған қоса, "Дендросаябақ" пен "Аттракциондар паркі" арасында жаңа көпір салу жоспарлануда.