Өңірлер

Шымкенттегі экологиялық ахуалға қатысты әкімдік пікір білдірді

Шымкент қаласы - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.03.2021
Жазылу
Қаланың шет аумағындағы ауданда улы будың таралуы салдарынан бірнеше оқушы мен мұғалім уланып қалды. Тұрғындар экологиялық апат қаупі туа ма деп алаңдайды

НҰР-СҰЛТАН, 19 наурыз – Sputnik. Шымкент әкімдігі кәріз жүйесіне улы заттардың түсуіне қатысты Sputnik Қазақстан агенттігіне түсініктеме берді.

Еске салсақ, төтенше жағдай туралы ұстаздар бірінші болып дабыл қақты. Улы иістен оқушыларда жөтел басталып, олар бас ауруына шағымданған. Сәл кейінірек үш оқушы мен бір мұғалім улану белгісімен ауруханаға жатқызылды.

Шымкент әкімінің баспасөз хатшысы Бекен Қоныс Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында бұл жағдайдан қала билігі хабардар екенін жеткізді. Сондай-ақ, шағымданған тұрғындардың денсаулығы тұрақты. СЭС мамандары оқиға орнынан сынамалар алып, лабораториялық зерттеулер жүргізіп жатыр.

"Нәтижесі дайын болған соң себебін де анықтай аламыз. Міндетті түрде толық ақпарат ұсынамыз. Анау айтқан экологиялық апат жоқ. Әрине белгілі бір ауданды қолаңса иіс алып кетсе, бұл тұрғындар үшін жағымсыз жағдай. Алайда зерттеу нәтижесін күтейік. Түстен кейін нәтиже қолымызға тиеді деп үміттенемін", – деді Қоныс.

Бұған дейін экологтар кәріз құбырына улы қалдықтар төгілгенін хабарлаған.

"Құрамында бензин, солярка, керосин бар химиялық затты біреу рұқсатсыз төгіп отыр. Егер бұл химиялық өнімдер Шымкенттегі тазалау ғимараттарының кешеніне жетсе, онда кешенді тоқтатуға тура келеді", – деп санайды "Су ресурстары-Маркетинг" ЖШС-ның қоғаммен байланыс менеджері Ринат Хамидулин.

Ал коммуналдық қызметкерлер тазалау кешенінің жұмысын тоқтату қала үшін апатты жағдай болатынын алға тартады.

Оқи отырыңыз: Шымкент әкімі тікелей эфирде сөйлеп жатқанда жарық сөніп қалды – видео

Қазір олар бұл улы сұйықтық қайдан пайда болғанын анықтауға тырысып жатыр. Ол үшін жақын маңда орналасқан индустриалды аймақта жұмыс істеп тұрған 20-дан астам кәсіпорынды тексереді.

Жергілікті тұрғындар болса, улану осы жағдай тіркелгенге дейін басталғанын айтуда.

Жаңалықтар
0