НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз — Sputnik. Алматы облысында коронавирус жұқтырғандар санының артуына байланысты карантин шаралары күшейтіледі.
"Мектепке дейінгі мекемелердің, қоғамдық тамақтану объектілерінің, діни ұйымдардың, қоғамдық моншалар мен көліктің жұмысы сағат кешкі 17.00-ге дейін, ойын-сауық нысандары мен мейрамханалардың жұмысы сағат 21.00-ге дейін шектелді. Демалыс күндері облыста толық локдаун енгізіледі", - делінген облыс әкімінің баспасөз қызметі жариялаған ақпаратта.
Өңір басшысы Амандық Баталовтың айтуынша, облыстың медициналық ұйымдары қажетті жабдықтармен және дәрілік препараттармен қамтамасыз етілген. Инфекциялық стационардағы төсек саны 412-ге көбейтіліп, 1 550-ге жетті.
Өңірде карантиндік шараларды сақтау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілді.
"Алматы қаласы мен облыс арасында халық көші-қонының жиілеуіне байланысты қала маңындағы Жамбыл, Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарында ауру деңгейінің біршама өсуі байқалады. Бас санитарлық дәрігерлер шектеу шараларын күшейту жөнінде жекелеген қаулылар қабылдады", - делінген ақпаратта.
Айта кетсек, қазір Алматы облысы "сары" аймақта тұр. Ауруханаларда 685 адам ем қабылдап жатыр, 22-сінің жағдайы ауыр.
Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина салу 30 жерде жүргізіледі, 6 883 адамға екпе жасалды.