Өңірлер

Екібастұзда 8 наурызға дайындалып жүрген ер адамды полиция ұстап әкетті

© Sputnik / Виталий Аньков / Медиабанкке өтуАрхивное фото задержанного в наручниках
Архивное фото задержанного в наручниках - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.03.2021
Жазылу
Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер Екібастұз қаласының тұрғынын ұстады. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 1 наурыз – Sputnik. Екібастұз қаласындағы сауда үйлерінен 10 бірдей таба ұрлаған ер адам ұсталды. Ол осы ыдыс-аяқтың бәрін алдағы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне сүйіктілеріне сыйлауды жоспарлаған, деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаменті.

Ресми мәліметке сәйкес, ер адам табалар мен қақпақтарды бір ай бойы ұрлап, үйде жинап отырған. Бірақ мейрамға дейін бір апта қалғанда қолға түсті.

"Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер ұсақ-түйек жымқыруға қатысы бар деген күдікпен Екібастұз қаласының тұрғынын ұстады. Ер адам бір ай бойы қаладағы сауда үйлерінен барлығы 10 таба мен 6 қақпақты қолды еткені үшін айыпталып отыр", - дейді полицейлер.

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 187-бабы ("ұсақ-түйек жымқыру") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Осы бапта 80 айлық есептiк көрсеткiшке (1 АЕК - 2 917 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту қарастырылған. 20 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы да қолданылуы мүмкін.

Ал бірнеше рет жасалған ұсақ-түйек жымқыру әрекеті үшін кінәлі адамға 200 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылды. 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылып немесе елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алынуы да мүмкін.

Жаңалықтар
0