НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан – Sputnik. Жылу электр станциясындағы апатқа байланысты жылу беру тоқтатылған Теміртау қаласының әкімдігі жұма күні жағдай қалыпқа келетіндігін мәлімдеді.
Бейсенбі күні Теміртау қаласының тұрғындары ЖЭО-2-дегі жөндеу жұмыстарына байланысты жылусыз қалған болатын. Қала әкімі Қайрат Бегімов "АрселорМиттал Теміртау" ЖЭО-2 қазандығындағы жағдайды түсіндіріп, қала тұрғындарынан кешірім сұраған.
Сонымен қатар, ол тұтынушылар үшін жылуға ақы төлеу мәселесі қайта есептелетінін ескертті.
"Сағат 07.00-дегі жағдай бойынша ЖЭО-2-дегі 3 қазандық жұмыс істеп тұр, екеуінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазандықтар сағат 11.00 мен 13.00 аралығында іске қосылады. Жалпы қаладағы температуралық режим сағат 13.00-ге дейін қалпына келтіріледі", – деп жазды ол Instagram парақшасында.
Айта кетейік, Теміртауда бейсенбіде күні ауа температурасы -25 градусқа дейін төмендеп, желдің жылдамдығы секундына 18 метрге жетті. Ал жұма күні қалада -27 градус аяз болды.
Оқи отырыңыз: Павлодарда құбыр жарылып, бірнеше тұрғын үй жылусыз қалды – видео
Ауа райының қолайсыздығына байланысты қалалық білім басқармасы 0-11 сынып оқушылары үшін қашықтықтан форматта сабақ өтетіндігін хабарлады.