НҰР-СҰЛТАН, 24 ақпан — Sputnik. Қостанай облысы полиция департаментінің басшылығы әлеуметтік желіде қызу талқыланған Амантай Байжановты марапаттады. Бұл жөнінде полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Еске салсақ,18 ақпанда Байжанов жолда тұралап қалған жүргізушілерге боранда жол көрсетіп, көліктің алдында жаяу жүріп отырған. Полицейдің бұл батыл әрекетінің видеосы желіде қызу талқыланып, оқырмандар көптеген оң пікір білдірді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Облыстық полиция департаменті Байжановтың әрекетін жоғары бағалап, оған ІІМ логотипі бар сағат табысталды.
Бұл лейтенант батылдық танытқан бірінші жағдай емес. Өткен жылдың сәуір айында ол өз әріптесімен бірге жанып жатқан үйден 15 адамды құтқарып қалған.
Ведомствоның баспасөз қызметі атап өткендей, Байжанов полиция қатарында алты жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол өз қызметін мамандандырылған күзет қызметі басқармасында бастаған. 2020 жылдан бастап Қостанай полиция басқармасында патрульдік полицей қызметіне кіріскен.