Өңірлер

Жаңатастағы трагедия: өрт шыққан үйдің көршілері оқиға қалай болғанын айтты

© Sputnik / Владимир Федоренко / Медиабанкке өтуПожар в жилом доме, архивное фото
Пожар в жилом доме, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.02.2021
Жазылу
Отбасының көршілері пәтерлердің бірінде өрт шыққанын түсініп, құтқарушылар келгенше көмектесуге тырысқан

НҰР-СҰЛТАН, 21 ақпан — Sputnik. Жамбыл облысы Жаңатаста бес баласынан айырылған отбасының көршілері бүлдіршіндерді аман алып қалуға тырысқанын айтты.

Тұрғындар төрт баланы өз көліктерімен ауруханаға жеткізген. Бесінші баланың денесі кейін пәтерде табылды. Көршілердің айтуынша, қою түтінге байланысты пәтерге кіру өте қиын болған, деп хабарлайды "Хабар 24".

"Мен ас үйде отырдым, адам көп болды. Әдеттегідей балалар жүгіріп жүр деп ойладым. Шықсам, айналаны түтін басқан. Үйге қайта кіріп, шам алып, үшінші қабатқа жүгірдім. Алайда пәтерге кіру мүмкін болмады. Пәтердің төбесі жанып жатқандай болды", - дейді тұрған Садық Егембердиев.

Көршілерінің бірі Алтынкүл Жамалбекованың айтуынша,  отбасының жағдайы жақсы болған.

"Менен дымқыл орамал сұрады. Есік ашу үшін деп ойладым, кейін кіреберісті түтін басқанын көрдім. Бір әйел кіріп, екі баланы алып шықты. Жас отбасы, жағдайы жақсы болатын. Ата-анасы ішімдік ішпейді, балалар үнемі таза, әдемі болып жүретін", - деді ол.

Балалардың анасымен психологтар жұмыс істеуде.

"Алдын ала мәліметке сәйкес, тез жанатын материалдар күйген. Өрт аумағы - 16 шаршы метр. Балалар газға уланды. Денелерін күйік шалмаған", - деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек.

Сарысу ауданының әкімдігі балалардың ата-анасына жөндеу жұмысын жүргізуге көмектесетінін жеткізді. Тиісті қолдау көрсетіледі.

Сонымен қатар облыстық полиция департаментінің бастығы Бақыт Ратаев Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі (Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

"Біздің мәліметіміз бойынша, өрт шыққан кезде балалардың анасы дүкенге кеткен. Әкесі жұмыста болған. Өрт басталғаннан кейін дереу көршісі анасына телефон соққан. Ол үйге тез, 10-15 минуттың ішінде келген. Жерлеу рәсімінен кейін ата-анасымен сөйлесеміз. Олармен психологтар да жұмыс істеп жатыр", – деді Ратаев.

Отағасы медициналық мекемеде жұмыс істейді, анасы декреттік демалыста.

Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ермек Момбаев әлеуметтік желіде жарияланған өрттің себебі туралы ақпарат жалған екенін атап өтті.

"Кейбіреулер өрттің шығуына қандай да бір жылыту құралы себеп болған деп жазып жатыр. Олай емес. Үй орталық жылуға қосылған", – деп мәлімдеді Момбаев.

Мемлекет басшысы Әбдімәліковтер отбасының қайғысын бөлісіп, қаза болған балалардың ата-анасы мен туыстарына жұбату лебізін білдірді. Президент бұл жағдайды бір ғана отбасының емес, бүкіл еліміздің басына түскен трагедия деп санайды. Ол балалардың ата-анасына жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.

Жамбыл облысының басшысы Бердібек Сапарбаев мәселені жеке бақылауына алғанын жеткізді.

Трагедия 19 ақпанда Жамбыл облысы Сарысу ауданының Жаңатас қаласында болды. Пәтерде ата-ананың қарауынсыз қалған, кәмелеттік жасқа толмаған 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылдары туған балалар болды. 2 ұл мен 3 қыз газдан уланып көз жұмды.

Жаңалықтар
0