Өңірлер

Қазақстанда бірде-бір тұрғыны коронавируспен ауырмаған ауыл анықталды

© Sputnik / Абзал КалиевСпортпен шұғылданып жүрген адам
Спортпен шұғылданып жүрген адам - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Пандемия басталғаннан бері Жамбыл облысында коронавирустық инфекцияның 5 543 жағдайы тіркелді. 5 124 науқас сауығып, 63 адам қайтыс болды

НҰР-СҰЛТАН, 30 қаңтар – Sputnik. Жамбыл облысының Аспара ауылдық округінде пандемия кезінде коронавирустық инфекцияның бірде-бір жағдайы анықталған жоқ. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Меркі ауданы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Ол жақында өзіне коронавирусқа қарсы QazCovid-in отандық вакцинасын салдырған болатын.

Өңір басшысымен кездесуде ауылдық округтің әкімі Гаухар Оспанбекова елді мекенде бірде-бір тұрғынның індет жұқтырмағаны туралы айтты.

"Аспара ауылдық округіне қарасты үш елді мекенде – Аспара, Қайыңдысай және Құмарықта 1 600 адам тұрады. Барлық ауылда газ бар, бірақ екеуінде ағын су жоқ. Ал коронавирус індетін жұқтырған бірде-бір жағдай тіркелген жоқ", – деді ол.

Өз кезегінде Сапарбаев санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтауды жалғастыру маңызды екенін атап өтіп, қазір жиын, той мен басқа да шаралар өткізетін уақыт емес екенін баса айтты.

Бүгінгі таңда Жамбыл облысы COVID-19 таралу жылдамдығы бойынша "жасыл" аймақта. Ал пандемия басталғаннан бері облыста коронавирустық инфекцияның 5 543 жағдайы анықталды. 5 124 науқас сауығып, 63 адам қайтыс болды.

COVID-19 жоқ ауылдық округ туралы не білеміз

Аспара ауылдық округі Жамбыл облысының Меркі ауданына қарайды. Бюджеті – 50 миллион теңгені құрап, оның 99,9 проценті игерілді.

37 шаруа қожалыққа тиесілі 11,2 мың гектар алқапқа бидай, арпа мен жоңышқа егілген. Мал басының саны өсуде.

Ауылдық округте 11 адам жұмыссыз ретінде тіркелген.

Мал шаруашылығын дамыту үшін "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында үш шаруа қожалық 29,6 млн. теңге несие алды. Тағы тағы тоғыз аспаралық азамат "Еңбек" бағдарламасы бойынша грант иегері атанды.

Сондай-ақ, Аспара ауылында футбол алаңы салынып, Аққайнар көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал Қайыңдысай ауылындағы көше жаңартылып, бірнеше көше жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Балалар алаңқайы да пайдалануға берілді. Нүсіпбек Рақыш көшесі мен Құмарық ауылындағы Сәдуақас Рысбаев көшесінде жарықтандыру жүргізілді.

Оқи отырыңыз: Ғалымдар коронавирусты жоятын Қазақстанда қолжетімді өсімдікті атады

Ауылдық округтің әкімі Гаухар Оспанбекованың айтуынша, 2021 жылдың жаспарында ауыз су мәселесін шешу ең бірінші кезекке қойылған. Содан кейінгі мәселе, көшелерді жөндеу, Қайыңдысай ауылында футбол алаңын салу, Аспара ауылында 150 орындық жаңа мектептің құрылысына жобалық-сметалық құжаттарды дайындау, сонымен қатар абаттандыру жұмыстары енгізілген.

Жаңалықтар
0